20 қараша күні Маңғыстау облысында вахталық әдіспен жұмыс істеп жатқан 8 мыңнан астам мұнайшы кенорындарында дауыс бермек. Олардың тізімдері жергілікті әкімдіктерге берілді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Бүгін, 17 қараша күні, «Қаражанбасмұнай» компаниясының басшылары кен орнындағы сайлау науқанын өткізуге дайындық жұмыстарын тексерді. Мұнайшылардың ыңғайлылығы мен азаматтық құқықтарын қамтамасыз ету үшін кен орнында Түпқараған ауданына қарасты №236 сайлау учаскесі жұмыс істейді. Мұнда кабиналар, бюллетеньдерге арналған жәшіктер мен ақпараттық стендтер орнатылған.
Бұдан бөлек, Қаражанбасқа қызмет көрсететін серіктес мекемелер қызметкерлері үшін де барлық жағдай жасалған. Олар өз конституциялық құқықтарына сай, «ҚазТрансОйл» МҚБ аумағында орналасқан №259 сайлау учаскесінде дауыс бере алады.
Бас директордың бірінші орынбасары Қуанышбай Нұрғалиев сайлауалды дайындықпен танысып, жауапты қызметкерлерге шараны жоғары деңгейде, барлық нұсқамаларды ескере отырып ұйымдастыруды тапсырды. Жалпылай алғанда, сайлау учаскелері сайлаушыларды қабылдауға толық дайын.