Медициналық қызметтерді тұтынушының мәртебесін тексеру қызметі (сақтандырылған/ сақтандырылмаған) енді Қазақстан Халық банкі, ЦентрКредит Банкі және Kaspi Bank мобильді қосымшаларына енгізілді.
- Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры МӘМС жүйесіндегі мәртебені тексерудің және соңғы 12 айдағы төлемдерді көрсетудің қолжетімді тәсілдерін кеңейту бойынша жұмыстар жүргізуде. Енді бұны кейбір екінші деңгейлі банктердің (ЕДБ) мобильді қосымшаларында жасауға болады, - бөлісті Маңғыстау филиалында.
Алдағы 12 айға жасалған төлемдер мен мәртебені Халық банкінің қосымшасы арқылы тексеруге болады. Ол үшін Halyk мобильді қосымшасын орнатып, авторизациядан өтіп, «Мемлекеттік қызметтер» бөлімін таңдап, ізінше «МӘМС» бөлімшесінде ЖСН жазу керек. Halyk арқылы медициналық ұйымға тіркелгені туралы ақпарат қолжетімді. «Мемлекеттік қызметтерге» кіріп, «Анықтамалар» батырмасын басқан кезде тұрғылықты мекенжайы, емхананың атауы, тіркелген күні көрініп тұрады.
Алдағы 12 айға жасалған төлемдер мен мәртебені ЦентрКредит Банкінің қосымшасы арқылы да білуге болады. BCC.KZ мобильді қосымшасын орнатқаннан кейін, авторизациядан өтіп, «Мемлекеттік қызметтер» бөлімін таңдап, ізінше «МӘМС туралы ақпарат» бөлімшесінде ЖСН жазу қажет.
Сондай-ақ Kaspi.kz мобильді қосымшасын орнатып, Kaspi Bank қосымшасында сақтандырылған мәртебесін тексеруге болады. Авторизациядан өткеннен кейін «Мемлекеттік қызметтер» бөліміне кіріп, ары қарай «МӘМС мәртебесін» таңдау керек.
Соңғы 12 ай ішінде төленбеген кезеңдер болса, оларды банк қосымшаларында төлеуге болады. Төлемдер тексерілгеннен кейін «САҚТАНДЫРЫЛҒАН» мәртебесі беріледі.
Естеріңізге сала кетейік, азаматтар мәртебесін келесі қосымшалар арқылы тексере алады:
• Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы
• fms.kz ресми сайты
• Telegram-дағы @SaqtandyrýBot
• 1414 байланыс орталығы
• Damumed мобильді қосымшасы.
Сондай-ақ, Электронды үкіметтің egov.kz сайтындағы «Денсаулық сақтау» бөлімінде «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне медициналық көрсетілетін қызметті тұтынушы ретінде қатысу туралы және аударымдардың және (немесе) жарналардың аударылған сомалары туралы ақпарат ұсыну» мемлекеттік қызметі арқылы медициналық сақтандыру жүйесіндегі өз мәртебеңізді тексеруге және жүргізілген төлемдер туралы ақпарат алуға болады.