Бүгін орталық сайлау комиссиясының отырысы өтіп, онда сайлаудың жалпы қорытындысы жарияланды.
Еліміздегі сайлаушылардың 81,31% яғни 6 456 392 сайлаушы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа дауыс берді.
Енді, ант беру рәсімі 2022 жылдың 26 қарашасында өтеді.
Мен Президентімізді жарқын жеңісімен, ең бастысы, халықтың шын қолдауына ие болуымен құттықтаймын!
Бұл дегеніміз — Президентке сенім артқан халықтың сенімі, қолдауы және Жаңа Қазақстанға деген ұмтылысы, деп ойлаймын.
Меніңше, сайлау өз деңгейінде жақсы өтті. Ең бастысы, заң бұзушылық, бұра тартушылық, дауыс ұрлау сияқты ерсі әрекеттер байқалған жоқ. Өйткені, айқын басымдыққа Президенттің ие болатыны халыққа әуелден-ақ белгілі еді ғой. Сайлаушылар саналы түрде Тоқаевты таңдады.
Байқағаным, әрбір үміткер өз штабын құрып, үгіт-насихат жұмыстарын еркін жүргізді.
Барлық кандидаттарға бірдей мүмкіндік берілді. Бақылаушылардың жұмысына да шектеу қойылған жоқ. Отандық және беделді халықаралық ұйымдардан келген байқаушылар да өткен сайлауға жоғары баға беріп жатты. Тіпті олардың өкілі біздің Құрыққа да келді.
Ендігі тілек, ел сенімі ақталса! Жаңа Қазақстан болу үшін әр адам атсалысса, деймін.
"Қарақия" газетінің бас редакторы, Қарақия аудандық Қоғамдық кеңес мүшесі Шынар Кендін