Бұл туралы көшпелі брифингте Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният мәлімдеді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Министрдің айтуынша, Маңғыстау облысы демографиялық көрсеткіш бойынша көш басында тұрған облыстың бірі. Биылдың өзінде 19,6 мыңға жуық бала дүниеге келген. Сондықтан ана мен бала денсаулығын сақтауға жіті назар аудару керектігін атап өтті.
Сондай-ақ, Маңғыстау облысындағы сәби сүйгісі келетіндер «Аңсаған сәби» бағдарламасының аясында квота алған. Атап айтқанда, 2021 жылы 267 әйел экстракорпоралдық ұрықтандыруға жолдама алған. Қазір жасанды жолмен 53 отбасында сәби дүниеге келген.
-Президент тапсырмасымен бұл бағдарлама 2021 жылдан бастап іске қосылды. Енді 2026 жылға дейін экстракорпоралдық ұрықтандыруға жыл сайын 7000 квота бөлінбек. Бұл сәбилі болғысы келетін жанұялар үшін үлкен мүмкіндік, деді Ажар Ғиният.
Брифингте министр ана мен бала денсаулығынан басқа, денсаулық сақтау жүйесіндегі кадр мәселесін атап өтті.
-Бүгінгі таңда облыста дәрігерлердің қамтамасыз етілуі 4,8 мың штат бірлігін құраса, кадрлардың тапшылығы 256 штат бірлігін құрайды, деді министр.
Осы мақсатта биыл Маңғыстау облысына медициналық жоғары оқу орнын бітірген 18 түлек жіберілген. Ал, 2025 жылға қарай жергілікті бюджет қаражаты есебінен медицина мамандықтарына бөлінетін грант саны 1500-ге дейін ұлғайтылмақ.
Сондай-ақ, 2023 жылдан бастап сертификаттау курстары (қайта даярлау) арқылы бейінді мамандарды даярлау үшін жаңа білім беру бағдарламаларын енгізу жоспарлануда.
Бұдан басқа медицина қызметкерлерінің жалақысын орташа жалақыдан 2 есе көтеру жұмысы жүргізілуде. 2023 жылға қарай дәрігерлердің орташа жалақысы 531 мың теңгені, ал орта медицина қызметкерлерінің орташа жалақысы 250 мың теңгені құрайды.