Бейнеуде білім күнінің қарсаңында жаңа балабақша ашылды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Бейнеу ауданы әкімдігіне сілтеме жасап.
Жаңа «Аружан» жекеменшік балабақшасының сыйымдылығы 60 балаға қарастырылған. Сондай-ақ, заманауи жиһаздармен жабдықталып, экологиялық зиянсыз ойыншықтармен қамтылған. Балабақша 2-6 жас аралығындағы бүлдіршіндерді Indigo24.kz сайты арқылы қабылдайтын болады. Тәрбиешілер құрамы арнайы білімді, білікті мамандардан жасақталған.
Балабақшаның ашылу салтанатына Бейнеу ауданы әкімінің міндетін атқарушы Рахымжан Шалбаев, Бейнеу аудандық білім бөлімінің басшысы Шоқан Жаулиев, мектеп директорлары және ауыл тұрғындары қатысты.
- Ауданның демографиялық өсімі қарқынды болғандықтан балабақша мәселесі өте өзекті. Осы тұрғыдан алғанда жаңа балабақшаның ашылуы өте қуантарлық жағдай болып отыр. Ол үшін ауылымыздың белсендісі, жас кәсіпкер Мәтжанов Рахымжанға алғыс білдіремін,– деді Рахымжан Шалбаев.
Іс-шара барысында ақсақалдар жаңа ұжымға баталарын беріп, ауыл тұрғындары игі тілектерін жеткізді. Әжелер шашу шашып, ұжым басшылығы ақ дастархан жайып, қонақтарға құрмет көрсетті.