Ақтау қаласының әкімі Әбілқайыр Байпақов магистарльдық инженерлік желілерді жаңарту жұмыстарын тексерді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме беріп,
Қала әкімі «Алматыинжстрой» АҚ өкілдері және қала әкімдігінің жауапты бөлім басшыларымен бірге магистарльдық инженерлік желілерді жаңарту жұмыстары жүргізіліп жатқан нысандарға барды. «Алматыинжстрой» АҚ өкілдерінің мәліметі бойынша, магистральдық инженерлік желілерді жаңарту қаланың 11 аумағында жүргізілуде. Оның ішінде жерасты және жерүсті құбырлар бар.
-Қазіргі таңда қалаға 7,3 шақырым жаңа құбырлар келді. Ескі құбырларды ауыстыру және жаңа құбырларды монтаждау жұмыстары қаланың мына шағын аудандарында жүргізілуде: 1-шағын аудан, өндірістік аймақ ОСЖТ-2 маңы, 11-шағын аудан «Жігер» сауда орталығының маңы, 2, 29, 27, 28 шағын аудан, «Оймаша» тұрғын үй массиві(бес участок). Әр аумақта арнайы бригадалар жұмыс істейді. Барлық жұмысты қыркүйек айының ортасына дейін аяқтау жоспарланып отыр, - деді «Алматыинжстрой» АҚ учаске басшысы Бақытжан Мұхамеджанов.
Қала әкімі жауаптыларға жұмыстарды сапалы жасауды тапсырды.
-11,3 шақырым магистральдық инженерлік желілерді жаңарту бұл ауқымды жұмыс. Бұл жұмыстарды сапалы жасаңыздар. Барлық мамандарды жұмылдырып, жұмысты жеделдету қажет. Әр аумақтағы бригадалардың жұмысын қадағалаңыздар. Тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қоршаулар мен өткелдерді жасау керек. Жылыту маусымына дейін дайын болуымыз қажет. Қажетті барлық материалдардың қалаға уақытылы жеткізілуін де қамтамасыз етіңіздер, - деді Ақтау қаласының әкімі Әбілқайыр Байпақов.