Ақтауда «Жасыл ел – 2023» еңбек жасақтарының XIX еңбек маусымының І кезеңі аяқталып, ІІ кезеңінің ашылуына орай қалалық қоғамдық даму орталығының ұйымдастыруымен мерекелік іс-шара өтті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Қоғамдық даму орталығының басшысы Серік Жомартов жиын барысында «Жасыл ел» еңбек жасағының І кезеңінде еңбек еткен 150 қатысушыға алғыс хат табыстап, ризашылығын білдірді.
-Бүгін міне «Жасыл ел – 2023» еңбек жасақтарының І кезеңі аяқталып, ІІ кезеңі басталуда. Ендеше барша еңбек жасақтарының сарбаздарын құттықтаймын! І лекте қызмет етіп, қаламыздың гүлденуіне септігін тигізген жастарға рахмет! Ал ІІ кезең жасағының сарбаздарына сәттілік тілеймін. Қаламыздың көркеюіне баршамыз бірге қызмет етейік,- деді ол өз сөзінде.
Сонымен қатар, жиын барысында «Жасыл ел» еңбек жасағының ХІХ маусымының ІІ кезеңінің қатысушыларына эстафета беріліп, жаңа бірыңғай форма табысталды.
Еске сала кетейік, «Жасыл ел» еңбек жасағына барлығы 300 жас жұмысқа тартылды. Олар екі лекке бөлініп, екі ай жұмыс істейді. Әр лек – 6 топ, 150 жасөспірімнен құралған.