2019 жылы қолданысқа берілуі тиіс болған «Лепес» ТҮК-нің бүгінде шатыры да жабылмаған. 4 жыл бойы пәтер жалдап мезі болған үлескерлер компания басшыларының құрғақ уәдесіне әбден тойғанын айтады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Олар 2016 жылдан бастап құрылыс компаниясымен келісімшартқа отырып, әрқайсысы 10 миллион теңгеден артық ақшаны серіктестіктің шотына аударған. Үлескерлер компания өкілдері құрылысты 2019 жылдың соңында аяқтауға уәде бергенін айтады. Дегенмен жыл сайын түрлі себеппен үй салынып бітпеген. Биыл да баспанасыз қалған халық құрылыс компаниясына ашулы.
- Пандемияның кезінде жұмысшы жоқ, 2021 жылы аяқтап береміз деп бізді бос уәдемен алдады. Ол уәде де орындалмай, міне 2022 жыл аяқталайын деп тұр біз әлі үйіміздің кілтін алмадық. Мұнда тіпті құрылыс жүріп жатқан жоқ, тұралап қалған, - дейді үлескер Әсел Шалқарбаева.
- Мен бұл үйге құрылысы енді басталып жатқанда 10 миллион теңгеден артық қаражат салдым. 4 жыл өтті, әлі баспанама кіре алмай жүрмін. Құрылыс компаниясы үнемі уәдеге тойдырады, бірақ құрылыс тіпті дұрыс жүрмейді. Бұл не сұмдық? Қашанғы күтіп жүре береміз, - дейді үлескер Серік Өтешов.
Үлескерлер құрылыс қарқыны дәл осындай болса, пәтерміздің кілтін 5 жылдан кейін аламыз ба деген үрейі бар. Дегенмен компания өкілдері үй құрылысын келер жылы аяқтаймыз деп ақталып отыр.
- Расымен бізде біраз мәселе болды. Бірақ бұл мәселелерді шешу үшін инвесторларды тартып жатырмыз. Бір-екі апта шамасында қаражат түседі деп жоспарлап отырмыз. Келесі жылдың жазына дейін құрылысты аяқтап, қолданысқа береміз, - деді «Лепес» ЖШС атқарушы директоры Ербол Орынбаев.
Серіктестіктің атқарушы директоры 2020 жылы осы лауазымға тағайындалдым деп отыр. 2 жыл бойы серіктестіктің мәселесін шеше жүріп, құрылыс қарқынды жүрмеді деп түсіндірді.
Махаббат Нұржанқызы