Бизнес-алаң Маңғыстау облысының ҚАЖД №43 мекемесінің жанында орналасқан. Онда жазасын өтеушілер есік, сондай-ақ пластикалық терезелер мен масаларға қарсы торларды дайындайды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz мекеменің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қазір мұнда 3 адам жұмыс істейді. Жұмысқа орналасуға және басқа сотталғандарға құжаттар дайындап жатыр.
- Біздің мекеме ең төменгі қауіпсіздікте, сондықтан сотталғандар мекемеден тыс орналасқан кәсіпорындарда жұмыс істеуге құқылы. Олар тек еңбек шарты бойынша жұмыс істейді. Төленген ақша жәбірленушілерге келтірілген залалды және жеке қажеттіліктерді өтеуге жұмсалады. Цехта оларға арнайы киім-кешек берілді. Өндірістік жарақаттанудың алдын алу үшін біздің инспекторларымыз күн сайын қауіпсіздік ережелері бойынша сотталғандармен нұсқама жүргізеді,- деді Маңғыстау облысының ҚАЖД №43 мекемесінің сотталғандардың еңбегін ұйымдастыру тобының инспекторы Ербол Асанбаев.
Ербол Асанбаевтың айтуынша, айына бизнес-алаңда 60 есікке дейін және 200 пластикалық терезе дайындалады. Сотталғандардың ең жоғары еңбекақысы - 150 мың теңге. Оның 50 пайызы сот үкімі бойынша талап-арызды өтеуге, екінші жартысы жеке қажеттіліктерге немесе отбасына көмекке беріледі. Айта кетейік, өткен жылы Маңғыстау облысында 100-ден астам сотталушы жұмысқа орналастырылды.