Ақтауда «Өрмелеп шығып, күн болам…» атты жас ақындар мүшәйрасы өтті. Мүшәйраға іріктеу кезеңінен өткен 25 ақын қатысты, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Олар екі кезең бойынша бақ сынады. Атап айтсақ, алғашқы кезеңде туған жер, тәуелсіздік тақырыбында өлең шығарса, келесі кезеңде ақын шығармашылығына ерік беріп, 20 минутта еркін тақырыпта екі өлең жазды.
Жазба ақындар мүшәйрасында Маңғыстауға белгілі ақындар Жандос Демесін, Жұмагүл Мұрсалова, Айгүл Талыс, Тілеген Әли, Болатбек Пайпақов қазылық етті. Олар өлеңнің мән-мағынасына, құрылымы мен ұйқасына назар аударды.
Сонымен қатар шара барысында елге танымал ақын, журналист Әнуар Бимағамбеттің шеберлік сағаты өтті. Жастар қызықтырған сұрақтарын қойып, тәжірибе алмасты.
Мүшәйра облыстық жас ақындар кешіне жалғасты. Ақындар кеші "JasArt" жастар театрының лирикаға толы қойылымымен ашылды. Содан соң жазушы Ерекен Қорабаев сөз сөйлеп, өнер сүйер, рухани-әдеби әлемге қадам басқан жас буынға сәттілік тіледі.
Сонымен қатар салтанатты шарада ақын Жандос Демесін, Жұмагүл Мұрсал, Тілеген Әли, Айгүл Талыс, Болатбек Пайпақов өз шығармаларын қалың көпшілікке ұсынды. Ақын сөзіне жазылған әндер шырқалды. Өңірге белгілі өнер иелері Айгүл Құбаш, Фариза Ретбай, Нұрсинат Нұралиевна, Әлия Қарамұқан, Рафхат Ізден ән айтып, күмбірлете күй тартты.
Шара соңында Маңғыстау облыстық жастар ресурстық орталығының басшысы Абылай Фазылбек сөз сөйледі. Ол өз сөзінде жас таланттылардың есімін танытуды мақсат еткенін атап өтті. Байқауға қатысып, бақ сынаған ақындарға және әділқазыларға Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Ұлықбек Тналиевтің алғыс хатын табыстады.
Сондай-ақ көркем сөз бен кестелі ойдың жүйріктері бас қосқан шарада байқау жеңімпаздарының есімі белгілі болды. Нақтыласақ, 1-орынға және 100 000 теңге ақшалай жүлдеге Жаңаөзеннен келген Алтынбек Алибаев лайық деп танылды. 2-орынды және 80 000 теңге сыйақыны Амангүл Мақсатқызы иеленді. Жүлделі 3-орын мен 50 000 теңге ақшалай жүлдені Наурызбек Дүйсенов қанжығаға байлады.
Әрі қарай шара концерттік бағдарламаға жалғасты.