Ақтауда 15 шағынаудандағы тұрғын үй кешендерінің бірінде заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырушылар анықталды. Покер ойыншысы мен екі дилер ұсталды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Оқиға 3 желтоқсан түнгі сағат 02:15 шамасында болған. Маңғыстау облысы Полиция департаментінің Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы қызметкерлері тінту жүргізу кезінде 1 ойын үстелі, покер ойнауға арналған 154 дана ойын фишкасы, покер ойындарына арналған 16 қорап ойын картасы және "марихуана" есірткі затын пайдалануға арналған 2 қолдан жасалған баклажка тәркіледі.
Одан бөлек "покершіден" 374 500 теңге, 200 доллар және 50 еуро көлемінде ақшалай қаражат пен құрамында "марихуана" есірткі заты бар 1 байлам тәркіленді.
Сонымен қатар үй-жайда даяшы мен өзге де покер ойынын ойнауға келген келушілер болды.
"Аталған дерек ҚР ҚК 307-бабы 2-бөлігі бойынша СДТБТ-де тіркелді. Жедел-тергеу іс-шаралары жүргізілуде. Тергеу мүддесі үшін өзге ақпарат жария етілмейді", - дейді ПД баспасөз қызметі.