Ақтауда теңіз жағалауында жаңа орындықтар пен қоқыс жәшіктерін орнату жұмыстары жүріп жатыр, деп хабарлайды mangystaumedia.kz қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ақтау қалалық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық бөлімі қала аумағында тозығы жеткен қоқыс жәшіктері мен орындықтарды жаңарту мақсатында жаңадан 400 орындық пен 400 қоқыс жәшігін алды. Жауапты мекеме алдымен теңіз жағалауына толығымен жаңа орындықтар пен қоқыс жәшіктерін орнатады.
Ақтау қаласының әкімі Ұлықбек Тналиев аталған жұмыстармен танысты.
- Теңіз жағасында орындықтар мен қоқыс жәшіктерін ауыстыру жұмыстары жүріп жатыр. 400 орындықпен 400 қоқыс жәшігін алдық. Қазір соларды орнату жұмыстарын 15 шағынаудан «Самалдан» бастадық. Орындықтардың бір ерекшелігі полимер-құмды композиттен жасалған. Мұның ерекшелігі табиғатты сақтауға мүмкіндік береді. Біз осындай полимер-құмды композиттен жасалған орындықтар арқылы ағаштарды бұзылудан аман сақтап қаламыз. Бұл орындықтар ұзақ мерзімге жарайды деп жоспарлап отырмыз. Қала тұрғындарынан осы жасалған жұмыстарды бағалап, сындырмауын сұраймын, - деді қала әкімі.