Ақтау қаласында белбеу күресінен 2006-2008 жылы туған жасөспірімдер арасында ел біріншілігі өтті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ел чемпионатына еліміздің барлық аймағынан 400-ден астам спортшы қатысты.
Жарыстың ашылу салтанатына Маңғыстау облысының дене шынықтыру және спорт басқарма басшысының м.а. Айбек Имашев, халықаралық белбеу күресі федерациясының президенті Рафик Валиев, Ақтау қаласы әкімінің орынбасары Әбілқайыр Байпақов арнайы қатысты.
Дүбірлі додада Маңғыстау облысының балуандары 4 алтын 2 күміс, 2 қола жүлдені еншіледі. Олардың қатарында 77 келіде Әлішер Слямжанов, 71 келіде Қадыр Ақұлан, 52 келіде Айтқаным Лес, 48 келіде Аида Мундуинова жеңімпаз атанса, 65 келіде Алмас Серік және +95 келіде Адалбек Джайман күміс жүлдеге қол жеткізді. Ал қола жүлдені 57 келіде Гүлнар Орынбай мен 95 келіде сынға түскен Салауат Бүркітбай иеленді.
Командалық есепте ерлер арасында 1-орынды Қызылорда құрамасы иеленсе, екінші орынға Маңғыстау құрамасы тұрақтады. Ал Түркістан облысынан келген спортшылар 3-сатыға жайғасты. Қыздар арасында комардалық есепте Қызылорда облысының командасы кезекті рет көш бастады. Одан кейінгі орындарға Түркістан және Маңғыстау облысының спортшылары бөлісті.
Команда жетекшісі, жасөспірімдер құрамасының аға жаттықтырушысы Сырлыбай Ходжаназардың айтуынша, маңғыстаулық 6 спортшы белбеу күресінен өтетін әлем чемпионатына жолдама алды.
Маңғыстау облысында Белбеу күресі федерациясы 2019 жылы құрылды. Облыс көлемінде қазіргі таңда 800-ге жуық спортшы белбеу күресі спорт түрімен айналысады.