17-шағынаудандағы екі үйдің де тұрғындары жылу қазандығын орнату жұмыстары салдарынан орнаған қолайсыздыққа шағымданды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Тұрғындардың айтуынша, үй жанынан қазылған траншеялар көліктердің өтуіне кедергі келтіріп, жолдың белгілі бір бөлігін жауып тастаған. Қазандық орнату және құбыр жүргізу жұмыстары 25 желтоқсанға дейін толығымен бітетіндігі жария етілгенімен, жер қазу жұмыстары әлі күнге дейін жалғасуда.
Қала әкімдігі жер қазу жұмыстары күрделі учаскеде жүргізіліп жатқанын (осы аумақта жұмыс істеп тұрған инженерлік желілердің болуына байланысты) және тұрғындардың өтініші бойынша осы учаскеде жаяу жүргіншілер үшін арнайы өткел ұйымдастырылғанын атап өтті.
"Тар өткел арқылы көліктер де өтеді. Тұрғындардан уақытша туындаған қолайсыздықтарға түсіністікпен қарауды, сондай-ақ өткелді тек жаяу жүргіншілер пайдалануын сұраймыз. Аталған учаскедегі жұмыстар ағымдағы жылдың 8 қаңтарына дейінгі мерзімде аяқталады",-деп атап өтті қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі.
Олардың мәлімдеуінше, 25 желтоқсанға дейін қаланың өзге бір аумағында жүргізілген құрылыс-монтаждау жұмыстары өз мәресіне жеткен.