Бүгін AMANAT партиясы Маңғыстау облыстық филиалы жанындағы депутаттық фракцияның отырысы өтті. Күн тәртібінде мемлекет басшысының 1 қыркүйектегі Жолдауы талқыланды. Жиынға келгендермен бірлесіп, барлығымыз өз пікірімізді білдірдік.
Жолдауды талқылау барысында мен әріптестерімнің назарын екі нәрсеге аудардым. Бірінші көтерген тақырып – мемлекеттік сатып алу туралы заң жобасын қайта жасақтау туралы. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауда мемлекеттік сатып алу туралы заңға жай өзгерістер мен толықтырулар енгізуді емес, оны түбегейлі өзгертіп, заман мен қоғам талабына сай етіп жасау жайында айтты. Расында, мемлекеттік сатып алуға қатысты қай өңірде болмасын мәселе жетерлік. Соның салдарынан жұмыс беруші мен жұмысшының арасында да кикілжің туып, араздық орын алатынын атап өткім келеді. Осыған дейін мемлекеттік сатып алу арқылы конкурстан қаланы көгалдандыру, санитарлық тазалық және басқа да жұмыстарды ұтып алып, оны атқару барысында көптеген қиындықтарға тап болған оқиғаларды мысалға келтірдім. Атқарылмаған жұмыстардың нәтижесін, оның әсерін күнделікті өмірде де, жұмыс барысында да талай көріп жүрміз. Қазір қаланы абаттандыру, санитарлық тазалық, жолаушылар тасымалы секілді басты қызметтер бәсекелестік ортаға берілген. Ал оны мемлекеттік сатып алу заңы арқылы реттейді, қазіргі заңның жетіспейтін тұстары көп болғандықтан – қиындықтар туындап келе жатқанын білеміз. Сондықтан мен осы тұста өз ұсынысымды білдірдім. Егер жоғарыда аталған қызметтер бәсекелестік ортаның емес, мемлекет құзырында болса – көптеген мәселенің алдын алар едік. Қазіргі таңда барлығымыз мемлекеттік сатып алуды және бәсекелестік орта ұғымын кең түсінуіміз шарт. Мысалы, кей салаларда бәсекелестік мүлдем жоқ. Сол қызметтерді осы ортаға түсірмей, бақылауда ұстау қажет. Қазір қалада тоқ тасымалымен айналысатын АЭЖБ МКК бар. Сол мекеме қызметін бәсекелестік ортаға беруге бола ма? Әрине, жоқ. Себебі оған бәсекелес те жоқ. Осы секілді абаттандыру, көгалдандыру, жолаушылар тасымалы мен қала тазалығы да дамыған мемлекеттердегідей жергілікті биліктің қарамағына өткен жөн деп ойлаймын.
Бұдан бөлек, мемлекет басшысы тарифтік саясатты қайта қарау жөнінде тапсырма берді. Бұл мәселе де өңірдің өзекті тақырыптарының қатарында. Қай жерге барсақ та тұрғындар осы мәселені жиі көтереді. Тарифтің қымббатауы, арадағы делдал мекемелерге қатысты шағым көп. Президент осы мәселені Жолауда атап өткендіктен, бос сөзді қойып, іске көшетін сәт жетті. Арадағы делдал мекемелерді анықтап, оларды алып тастау бойынша жұмыстарды бастау қажет. Өйткені қазір энерго ресурсты өңдеуге, өндіруге және оны тасымалдауға ешқандай қатысы жоқ мекемелерге де халық ақша төлеуде. Соның салдарынан тариф құны қымбат. Осы бағытта бірлесіп, жұмыстар атқарсақ – тариф бағасы 50% дейін түспесе де, айтарлықтай арзандайтыны сөзсіз. Соңғы рет өндіруші өз тауарын тұтынушыға тіке сата алмайды деген заң күшіне енгелі ірі кәсіпорындар төңірегіне делдалдар көбейді. Осы мәселені сарапшылармен бірлесіп, құзырлы органдардан арадағы делдалдарды алып тастауды сұрауымыз қажет.
Жолдау барша қазақстандықтың көңілінен шықты деп ойлаймын. Ендігі мәселе – Жолдауда айтылған бастамаларды жүзеге асыру. Президентіміз сөз соңында әділетті мемлекет адал азаматпен пара-пар екенін айтты. Расында, мемлекет басшысы айтқан тапсырмаларды жүзеге асыратын – елін шын сүйіп, халқына шын жан ашитын азаматтардың қолында. Егер барлығымыз бір бағытта жұмылар болсақ – қолдан келмейтін дүние жоқ. Сондықтан барлық деңгейдігі мәслихат депутаттарын өңірдегі өзекті мәселелерді көтеріп, пікір қосуға шақырамын.
Аят Сүгірбай,
Маңғыстау облыстық мәслихат депутаты.