Осыдан бірнеше жыл бұрын өңірдің зиялыларының көрнекті өкілдері бас қосқан жиында «...қорықпаған, қорғанбаған, даңққа кеуде соқпаған» деген тіркесті бір ақсақалдың аузынан естігенім бар еді. Кейін әлгі ақсақалды әңгімеге тартып, қазақ табиғатына қатысты сом-сом дүниелерді бір тарқатып, тарихи шежіреден бері қарайғы салт-дәстүр, адами құндылықтарға шолу жасаған едік. Бір ұққаным, осындай терең мазмұндағы дүниелерді айтсақ, қазақ руханиятының ардақты тұлғасы, ұлы жазушы Әбіш Кекілбайұлының сөздері ойға орала береді. Абыз ағамыз қазақ елі дүние тұрғанша тұруы үшін керек шарттарды тізіп, ереже етіп қалдырды. Соның ішіндегі шоқтығы биік асыл сөздерінің бірі - «... Бағалай білмегенге бақ қонбайды, Қуана білмегенге құт қонбайды» дегені еді.
Қазір ойланып қарасам, саясатта да, тұрмыста да осы сөз менің бағдаршамыма айналыпты.
Қадірлі достар, құрметті жерлестер! Жан-жағымызға қарап, ой тастасақ, геосаяси жағдайдың «турболенттік» деңгейінде тұрғанын байқаймыз. Ал, осындай тағдыршешті кезеңде бейқам болмауымыз керек.
Қандай да бір сынақтан сабырмен шайқалмай, теңселмей өту екінің бірінің қолынан келмейді.
Әділеттілікті ту етіп, бағдарлы экономика мен әлеуметті қоғам үшін жұмыс істеуді мақсат тұтып отырған үміткерлеріміз бар. Алдағы сайлауда сауатты басшы, салмақты, әділ және жауапты басшыны таңдау кезеңі тұр.
Жексенбі күні азаматтық борышымызға адалдық танытып, ұлы іске, ұлы бастамаға өз үлесімізді қосайық! Сонда ғана, еліміздің еңсесі биік, келешегі кемел болмақ!
Нұрбек Қарасаев,
«AMANAT» партиясы Маңғыстау облыстық филиалының атқарушы хатшысы.