Маңғыстауда жыл басынан бері 3229 қылмыс тіркелді, бұл 2021 жылмен салыстырғанда 7 пайызға аз. Бұл туралы құқық бұзушылықтың алдын алу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның қорытынды отырысында айтылды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Маңғыстау облысының Полиция департаментінің мәліметінше, 2022 жылы ауырлығы орташа қылмыстар 14,4%-ға, ұсақ қылмыстар 4,3%-ға, қару қолданып жасалған қылмыстар 36,4%-ға, кісі өлтіру 36,4%, зорлау фактісі 33,3%-ға төмендеген.
Маңғыстау облыстық Полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасының бастығы Әлижан Мейірмановтың айтуынша, есірткі қылмысы еліміздегі, оның ішінде Маңғыстаудағы өзекті мәселелердің бірі болып табылады. Жаңа синтетикалық есірткінің негізгі тұтынушылары – жастар.
Жыл басынан бері есірткі қылмысының 52 фактісі анықталды, оның 32-сі есірткі сату.
Облыс аумағында құрамында есірткі заттары бар өсімдіктерді заңсыз өсірудің 6 фактісі анықталып, 20 келі (56 түп) есірткі өсімдіктері тәркіленді.
Қоғамдық орындарда есірткіні жарнамалайтын 722 граффити жойылды. Интернет-ресурстарға мониторинг жүргізіліп, дәрілік заттарды жарнамалайтын 102 сайт бұғатталған.
Есепті кезеңде жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласында 129 334 (2021 ж. – 121 321) құқық бұзушылық анықталып, 1 миллиард 440 миллион теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынған.
Жол қозғалысы ережелерін бұзуды автоматты түрде тіркейтін бейнекамералардың көмегімен 42 650 құқық бұзушылық анықталды.
11 айда жол көлік оқиғасы саны 75,9%-ға, қаза болғандар 40,3%-ға өскен.
Жол-көлік оқиғаларының алдын алу үшін жол-көлік оқиғалары жиі орын алатын республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының бағыттарында 3 көп функционалды «СКАТ-П» спидометрі орнатылған.
Сондай-ақ, 10 көпфункционалды жылдамдықты өлшейтін «Cyber Sherif» құрылғысы қолданылады, оның ішінде үшеуі - Ақтау қаласында, 7 – республикалық маңызы бар автомобиль жолдарында.
Ал, қазір олыста жол қозғалысы ережесін бұзуды автоматты түрде анықтайтын “Сергек” құрылғыларын енгізу жұмыстары басталды.
– Жануарлардың қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының басым көпшілігі республикалық және облыстық маңызы бар жолдарда болатынын ескере отырып, осы жолдардың маңында мал ұстайтын 8 орын салу қажет. Баршамызға белгілі, жол қауіпсіздігі мәселесі кешенді, алдын ала шараларды, қаржылық және техникалық қолдауды қажет етеді. Осыған байланысты Маңғыстау облысында жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру және жол қозғалысын ұйымдастыруды жетілдірудің 2023-2024 жылдарға арналған өңірлік бағдарламасын жүзеге асыру жоспарын бекітіп, жүзеге асыруды ұсынамыз, - деді Әлижан Мейірманов.
Комиссия отырысының қорытындысы бойынша аймақ басшысы Нұрлан Ноғаев жауапты тұлғаларға бірқатар нақты тапсырма жүктеді.