Маңғыстау облысында екі күннен бері аймақтық қолөнер шеберлерінің жәрмеңке-көрмесі өтіп жатыр. Оған түбектің әр түкпірінен 70-тен астам кәсіпкер қатысуда, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Атамекен баспасөз қызметіне сілтеме бере отырып.
Онда киім-кешек, көрпе-төсек, зергерлік бұйымдар, азық-түлік және тұрмысқа қажетті түрлі заттар бар. Олар өз қолдарынан шыққан бұйымдарын шетелдік сарапшыларға таныстырды. Жапониядан 3, Қырғызстаннан 2 сарапшы келіп, қазақтың ұлттық бұйымдарын, олардың жасалу жолдары мен табиғи өнім құрамын зерделеуде.
Қолөнершілердің еңбектерін шетелдік өкілдер жоғары бағалауда. Жапон мамандары киіз бұйымдарын жасау шеберліктерімен танысып, тәжірибе алмасуға дайын.
«Бізді өнімдерінен жасалған бұйымдар ерекше қызықтырды. Экологиялық таза өнімді тұрмыста пайдаланып, кәдеге жарату әдістеріне зер салдық. Екі елдің бір-бірінің мәдениетінен, қолөнер бұйымдарынан үйренер тұстары көп. Біз де өз тәжірибемізбен бөлісіп, ұтымды әдістерді үйретуге дайынбыз»,- дейді JICA бизнесті өркендету жөніндегі кеңесші Мицуо Мураяма.
Маңғыстау облысы Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Сәуле Салихованың айтуынша, шараның мақсаты- қолөнер шеберлерді дамыту, өнім сапасын арттырып, экспортқа шығару. «Бір ауыл-бір өнім» жобасын насихаттау.
Іс-шара "Маңғыстауда қазақ ұлттық кодын сақтаудың кепілі ретінде қолөнершілікті жандандыру және этнотуризмді дамыту" атты өңірлік форуммен жалғасуда.