Ақынның туған күніне орай Қабиболла Сыдиықов атындағы Маңғыстау облыстық әмбебап кітапханасында мерекелік іс-шара өтті. Абайдың өмірі мен шығармашылығы туралы құнды жәдігерлер, кітаптар қойылған көрме ұйымдастырылды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz
- Мерекелік іс-шараға Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының 6656 әскери бөлімінің әскери қызметшілері қатысуда. Әскери қызметшілер ақынның өмірі мен шығармашылығы туралы әңгіме өрбітті. Абай Құнанбаевтың өлеңдері мен қара сөздері мәнерлеп оқылып, Абай сөздеріне жазылған музыкалық композициялар орындалды. Мұражай қызметкерлері ретінде біздің міндетіміз – жастар арасында ақынның шығармашылығын насихаттау, Абайдың терең ойларын түйсінуге үйрету, - деді Маңғыстау облыстық әмбебап кітапханасының бөлім меңгерушісі Әсия Досқалиева.
Беларусь этномәдени бірлестігі төрағасының орынбасары Елена Руденко Абай Құнанбаевтың "Күз" өлеңін Беларусь тілінде оқыды.
- Бұл өлеңде автор күзді өзге жыл мезгілдерімен салыстыра суреттейді. Ерекше метафоралар мен эпитеттерді қолдана отырып, күзгі ауыл тыныс-тірлігін көз алдымызға келтіріп, жаздың жаймашуағы жайлы сағыныш сырын шертеді. Абай шынайы халықшыл ақын, өйткені оның шығармашылығында қазақ халқының тұрмыс-салты туралы ойлары мен армандары көрініс табады, – деді Беларусь этномәдени бірлестігі төрағасының орынбасары Елена Руденко.