Жаңаөзен қаласына жұмыс сапары барысында облыс әкімі Нұрлан Ноғаев "Өзенмұнайгаз" АҚ "Кезби", "Бұрғылау жұмыстары басқармасы" кәсіпорындарының жұмысымен танысты, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.
Аймақ басшысы алдымен "Кезби" ЖШС өндірістік қызмет көрсету базасына барды, қызметкерлердің еңбек жағдайымен танысты. Бұдан кейін Нұрлан Ноғаев "Бұрғылау" ЖШС 7507 ұңғымасындағы бұрғылау қондырғысын және "Кезби" ЖШС 9422 ұңғымасын, сондай-ақ "Өзенмұнайгаз" АҚ-ның құрылымдық бөлімшесі Бұрғылау жұмыстары басқармасының өндірістік базасын аралады.
Нұрлан Ноғаев облыс аумағындағы кәсіпорындарда еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша заңнамада белгіленген ережелер мен талаптардың сақталуына жауапты тұлғаларға назар аударды.
- Құзырлы органдар келіп түсетін кез келген сигналдарға уақтылы ден қоюы, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласында туындайтын әрбір мәселені саралап, әділ қарауы тиіс. Жұмыс берушілер үшін өндірістегі еңбек жағдайы неғұрлым жақсы және қауіпсіз болса, кәсіпорын соғұрлым тиімді жұмыс істейтінін түсіну маңызды. Қызметкерлер өз кезегінде өз кәсіпорнының тұрақты және сенімді жұмыс істеуі үшін барынша күш салуы керек, - деп атап өтті Нұрлан Ноғаев.
Жұмыс сапарының қорытындысы бойынша өңір басшысы жауапты тұлғаларға бірқатар нақты тапсырмалар берді.