Маңғыстау облыстық Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаменті ҚР сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының 2022-2026 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыру барысы туралы түсіндіру жүргізуде, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Бұл стратегиялық құжат сыбайлас жемқорлыққа жол берген адамдарға нақты әрі қатаң шаралар қабылдауды көздейді.
Тұжырымдамадағы жаңашылдықтың бірі - Integrity check институты. Бұл шара әлем елдерінде ұтымды пайдаланылып келеді әрі сыбайлас жемқорлыққа бейім адамдарды қылмыс жасағанға дейін анықтауға мүмкіндік береді.
Сала мамандары тексерудің бұл түрі мемлекеттік қызметке баю үшін келуді тоқтатып, парасатты әрі кәсіби кадр қалыптастыруды қамтамасыз етеді дейді.
Бұдан бөлек, Тұжырымдамада сыбайлас жемқорлық жасағаны үшін заңды тұлғалардың жауапкершілігін күшейту қарастырылған. Яғни, сыбайлас жемқорлық жасаған кезде компанияның әкімшілік жауапкершілігі болады.
Сондай-ақ, «тұрмыстық» сыбайлас жемқорлықты жою тұрғысында бюджеттік, мемлекеттік емес ұйымдар қызметкерлерінің заңсыз сыйақы бопсалағаны үшін жауапкершілігін қатаңдату да ұсынылған. Бұл нақты шаралар сыбайлас жемқорлық қылмыстарын болдырмауға бағытталған.