Еліміздің 7 өңірінде 2022 жылдың мамыр айының қорытындысы бойынша жалпы сомасы 4,3 млрд теңгеге төмендетілген тарифтер бекітілді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz ТМРК-ге сілтеме жасап.
Табиғи монополиялар туралы заңға сәйкес табиғи монополиялар субъектісі (ТМС) жыл сайын 1 мамырдан кешіктірмей, бекітілген тарифтік сметаның және бекітілген инвестициялық бағдарламаның орындалуы жөнінде есеп беруге міндетті.
Сонымен қатар, тарифтерді қалыптастыру қағидасы негізінде бекітілген тарифтік сметаның орындалуы туралы субъектінің есебі түскен күннен бастап, тарифтік ведомство ол есепке күнтізбелік алпыс күн ішінде талдау жүргізеді.
ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу комитеті ТМС-тің тарифті алу кезінде өзіне алған белгілі бір міндеттемелерін орындамауы — жаңғырту және дамыту бойынша тарифтік реттеуші тарапынан өтемдік тарифті енгізуге, яғни игерілмеген қаражатты тұтынушыларға толық қайтарғанға дейін тарифті уақытша төмендетуге әкеп соғатынын айтты.
Осылайша, ТМРК және оның аумақтық бөлімшелері бүгінгі күні 2021 жылдың бекітілген тарифтік сметасын және инвестициялық бағдарламаны орындау тұрғысынан қаралған монополист-субъектілердің есептерін қарады және талдады.
Қазіргі таңда есептерді қарау нәтижесінде 30 ТМС бойынша міндеттемелердің орындалмағаны анықталды. Оның ішінде «Астана-Энергия» АҚ, «Астана-Теплотранзит» АҚ (Нұр-Сұлтан қ.), «Талдықорғантеплосервис» КМК (Алматы облысы) сияқты ірі монополист субъектілер және басқалары бар.
Нәтижесінде еліміздің 7 өңірінде (Нұр-Сұлтан қ., Алматы облысы, ШҚО, Жамбыл облысы, Қостанай облысы, Маңғыстау облысы, Павлодар облысы) жылумен жабдықтау, сумен жабдықтау, су бұру, электрмен жабдықтау және кірме жолдарды ұсыну сияқты қызметтер бойынша жалпы сомасы шамамен 4,3 млрд.теңгеге уақытша өтемдік тарифтер бекітілді.
Орташа алғанда: жылумен жабдықтау - 17%; сумен жабдықтау - 7,4%; су бұру - 3%; электрмен жабдықтау 18,6% төмендеді.