Құрметті маңғыстаулықтар, ардақты ағайын!
Бүгін егеменді еліміз үшін маңызды тарихи күн. Осыдан 24 жыл бұрын дәл осы күні тәуелсіз еліміз ел болғалы өз астанасын таңдап, рухани, саяси-әкімшілік ордасын белгіледі.
Сіздерді осы айтулы мерекемен, Астана күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Тұңғыш Президентіміз Н.Назарбаевтың астананы көшіру туралы бірегей шешімі халқымыз үшін аса маңызды тарихи оқиға болды. Бұл біздің геосаяси артықшылығымызды – түрлі бағыттағы бейбітсүйгіш сыртқы саясатымызға сәйкес Еуропа мен Азия арасындағы географиялық қолайлылығымызды қарқынды дамытуға мүмкіндік берді. Елордамыздың бой көтеруі Қазақстанның барлық аймақтарының экономикасы мен индустриясын одан әрі дамытуға қуатты серпіліс берді.
Нұр-Сұлтан қаласы – Қазақстанның саяси, ғылыми, мәдени және іскер ортасы бар, сәулеті ерекше қалалардың біріне айналды. Шаһар нысандарының әрқайсысы халқымыздың Отанына деген шексіз махаббаты мен шынайы сезімдерін бейнелеп тұрғандай.
Бүгінгі Елордамыз ата-бабаларымыздың арман еткен Тәуелсіздігін тұғырлы етіп, тарихи бай мұрасы мен заманауи инновацияны ұштастырып тұр. Бәріміз бірігіп Тәуелсіз Қазақстанның жарқын болашағын одан әрі өркендететін боламыз!
Қадірлі жерлестер!
Мерейлі мереке баршаңызға құтты болсын! Еліміз аман, жұртымыз тыныш, Тәуелсіздігіміз тұғырлы болғай! Әрқашанда аспанымызда көк туымыз желбіреп, асқақ Елордамыз өркендей берсін, елдігіміз мәңгі жасасын! Отбасыларыңызға амандық, елімізге береке, Отанымыздың гүлденуі жолындағы істеріңізге сәттілік пен табыс тілеймін!
Құрметпен, С.Трұмов