Нұр-Сұлтан қаласында өткен "Қазақстан барысы" республикалық турнирінде үшінші орын алған балуан Нұрдәулет Жарылғаповты маңғыстаулықтар әуежайдан құрметпен қарсы алды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
"Қара бура" деген атпен танылған спортшыны қарсы алуға МО спорт басқармасының басшысы, облыстық қазақ күресі ферерациясының президенті де келді.
Нұрдәулет Жарылғапов батыс аймақтан шығып жатқан Қазақстан барысының тұңғыш жүлдегері. Осындай батырды өсірген ата-анасына, ағайын-туысына үлкен алғыс білдіреміз. Әрине, бұл тек бір адамның еңбегі емес. Осы жүлде үшін бапкерлер біраз еңбектенді. Бұл жүлде қола болса да біз үшін алтынмен бірдей. Алдағы уақытта алтын медаль бұйырсын, - деді МО қазақ күресі федерациясының президенті Аббат Өрісбаев.
Республикалық турнирден шәкіртіміз Нұрдәулет Жарылғапов қола жүлдемен елге оралып жатыр. Барлығына рақмет! Бұл тек бапкерлердің жеңісі емес, қолдаушылардың да жеңісі деп білеміз. Бірігіп еңбек етсек талай белесті бағындыратынымызға сенеміз, - деді жүлдегердің бапкері, МО "Ұлттық спорт" орталығының директоры Қайрат Бурбасов.
Айта кетейік, биыл "Қазақстан барысы" турнирінің өтіп келе жатқанына 10 жыл толды.
Махаббат Нұржанқызы
Суреттерді түсірген Талант Құсайын