Бүгін облыс әкімі Серікбай Трұмов «Ақтау - теңіз сауда порты» арнайы экономикалық аймағында каустикалық сода және құрамында хлор өнімдерін шығаратын зауыттың құрылысымен танысты, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Өнеркәсіп құрылысын "Topan Chemical Industries" компаниясы жеке инвесторлардың қаражаты есебінен жүргізеді. Бүгінде жоба мемлекеттік сараптамадан өтіп, барлық рұқсат құжаттарын алған.
Аймақ басшысы жұмыстың алғышқы кезеңімен танысып, мердігерге құрылыстың сапасына аса назар аударып, мерзімінде аяқтауды тапсырды.
"Topan Chemical Industries" ЖШС директоры Ғайса Жұмалиевтың айтуынша техникалық жабдықтар жеткізетін итальяндық компанияға алдын ала төлем жасалынып қойған. Сонымен қатар, құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізетін қазақстандық компаниямен келісім шартқа отырған.
Негізгі өндірістік ғимараттардың құрылысын 2022 жылдың 1 тоқсанында аяқтау жоспарланып отыр. Ал 2022 жылдың соңына қарай компания техникалық жабдықтарды орнатып, химия зауытының бірінші кезегін іске қосуды жоспарлап отыр.
Құрылыстың екі кезеңі толық аяқталғаннан кейін зауыт жылына 15 млрд. теңгеге өнім шығаратын болады. Жаңадан 120 тұрақты жұмыс орны ашылады.
Аталған кәсіпорын шетелден әкелінетін химиялық өнімдердің импортын айтарлықтай төмендетуге мүмкіндік береді. Қазақстандық өндірістерді химиялық өнімдерімен толықтай қамтамасыз етеді.