Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселесіне баса назар аударылды. Онда Президент жемқорлықтың алдын алудағы жұмыстар жүйелі болу керектігін атап өтті.
Ең бастысы Жолдауда мемлекеттік органдардың халық пен қоғам алдындағы ашықтығына ерекше назар аударылып, «Қоғамдық бақылау» туралы заң қабылдауды тапсырды. Бұл өз кезегінде, ашықтықты, жариялылықты қамтамасыз ететін үлкен мүмкіндік деп санаймыз. Қоғамдық бақылау арқылы еліміздің азаматтары бәрімізге ортақ сұрақтарды ортаға салып, проблеманы шешу жолында өз үлестерін қоса алады.
Сондай-ақ, бүгінде ашықтықты қамтамасыз ету мен сыбайлас жемқорлықты болдырмау мақсатында Агенттіктің «Ашық бюджеттердің интерактивті картасы» мен «Бизнес пен инвестицияларды қорғау» жобалары жүзеге асырылып келеді. «Ашық бюджеттердің интерактивті картасы» жобасы аясында өңірдегі мемлекеттік мекемелер publicbudget.kz сайтына бюджеттерін жариялау жұмыстарын жүргізіп отыр. Бұл сайттан азаматтар облыс көлемінде салынып жатқан жобаларға бөлінген қаржы көлемін көре алады. Сондай-ақ, ұсыныс, пікірлерін қалдыра алады. Ал «Бизнес пен инвестицияларды қорғау» жобасы шеңберінде өңірге инвестиция салып, кәсібін жүргізуді бастаған әрбір инвесторға сыбайлас жемқорлыққа қарсы сүйемелдеу бойынша қолдау көрсетіліп келеді. Бүгінде облыс бойынша 21 инвестормен жалпы сомасы 1 трлн. теңгеден асатын жобаға қол қойылған. Осы тұрғыда барлық деректің ашық болуы маңызды болып отыр.
Жолдаудағы назар аударатын тапсырмалардың бірі - құқық қорғау органдары қызметкерлерінің, судьялардың, пара берушілердің және парақорлыққа делдал болғандардың сыбайлас жемқорлығы үшін жазаны қатайту тұрғысынан Қылмыстық кодекске енгізілетін өзгерістер. Бұл өзгерістер аталған сала қызметкерлерінің жауапкершілігін жоғарылатып, азаматтардың өз құқықтарын қорғайтын деңгейге көтереді деп ойлаймын.
Бұдан бөлек, сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыс жасағандарға шартты түрде мерзімінен бұрын босату шарасы қолданылмайды. Сондай-ақ, сыбайлас жемқорлық деректері туралы хабарлаған адамдар заң жүзінде қорғайтын жүйе қалыптасады. Қазіргі кезде де Агенттікке сыбайлас жемқорлық фактісі туралы хабарлаған тұлғалар туралы құпиялылық сақталып отыр. Сондықтан еліміздің азаматтары қандай да бір сыбайлас жемқорлық фактісінің куәгері болса, Агенттіктің 1424 шұғыл желісіне хабарласа алады.
Бақдәулет МАХМҰД,
ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаментінің басшысының орынбасары