Кеңес дәуірі тұсында Маңғыстау даласы өндірістік нысандардың мекені болғаны белгілі. Кеңес Одағы ыдыраған соң Маңғыстау түбегінде экологиялық мәселелер бірінен соң бірі туындай бастады. Бүгінде өңірдегі ең өзекті экологиялық проблеманың бірі "Қошқар-Ата" қалдықтар қоймасын қалпына келтіру болып табылады.
Ел арасында «улы көл» деп атанып кеткен «Қошқар-Ата» қоймасына келесідей мөлшерде қалдық бар делінеді: Каспий аймақтық тау-кен металлургия комбинатының үш зауытының 105 млн тоннадан астам қалдығы жиналған және қалдықтар арасында жиынтық белсенділігі 11,2 мың кюри 51,8 млн тонна әлсіз радиоактивті қалдық бар делінеді.
Экологтардың айтуынша, оңтүстік-шығыс бөлігінде күкірт қышқылы зауытының өндірістік қалдықтары, оңтүстік бөлігінде химия-гидрометаллургиялық зауыттың радиоактивті қатты қалдықтары төгілген.
Осы салаға жауапты ведомства ретінде – Маңғыстау облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы бекітілген.
2022 жылға республикалық бюджеттен 3 млрд теңге бөлініп, 905 га жерге рекультивация жұмыстары басталған болатын. Бірақ 2022 жылы төлем жасалған жоқ. Шамамен 160 га жерде жұмыстар жүргізіліп, топырақ төселді.
2022 жылғы 19 тамызда «Қошқар-ата қалдық қоймасын рекультивациялау» І кезеңін түзету бойынша мемлекеттік сараптамасының (оң) қорытындысы және мемлекеттік экология сараптамасының (оң) қорытындысы алынды.
Өз кезегінде Парламент Сенатының бір топ депутаты Маңғыстау облысына іссапарында осы мәселе кезекті рет қозғалғанын айтып, Үкімет басшысы Әлихан Смайыловтың атына депутаттық сауал жолдаған болатын.
Белгілі болғандай әкімдік қазіргі уақытта мемлекеттік сараптаманың түзетілген қорытындысының күшін жою бойынша қажетті рәсімдерді жүргізіп жатыр. Әлихан Смайылов өз сөзінде осы мсәелеге қатысты жағдай Үкімет пен әкімдіктің тұрақты бақылауында екенін жеткізді.
Сөзімізді түйіндей келе экологиялық апат қазынаға түсер қаржыны қысқартып қана қоймай, сол өңірдегі жағжайды ушықтырып, жергілікті тұрғындардың өмір сүру сапасына кері әсер етеді.Сол себепті Маңғыстау жұртшылығы жауапты ведомстволар жүктелген міндетті уақытылы әрі жылдам шешілгенін тілейді.
Мақала Қазақстандағы АҚШ елшілігінің және Маңғыстау облыстық Азаматтық альянсының қолдауымен "Жергілікті көшбасшылар мектебі" жобасы аясында шықты.
Нұрлыбек Жалғасбай "ADILDIK JOLY" РҚБ Маңғыстау облыстық филиалының сарапшысы