Қазақстан азаматтары елдің қарыштап дамуына, өсіп-өркендеуіне қал-қадірлерінше үлестерін қосып келеді. Алайда кейбіреулері күйбең тіршіліктің қамын күйттеп жүріп, егде тартып, қарттықтың қамытын мойнына қалай іліп алғандарын байқамай қалады. Егде шаққа қадам жасаған кезде ғана бейнетінің зейнетін көріп, бала-шағасының, немере-ұрпақтарының қызығына бөленіп, көп жылғы еңбегінің жемісін көруді армандайды. Осындайда зейнетке шыққанда қамсыз ғұмыр кешу үшін қаражатты жастық кезден бастап жинау керектігін жүйелі түрде насихаттап келе жатқан Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының алар орны, атқаратын рөлі орасан зор.
Айдан алқа, жұлдыздан жүзік тағып жүрген жастық шақта қарттықтың ауылы әлі алыс деп, зейнетақы жайында көп жағдайда ойлана бермейтініміз де рас. Ал егделікке жақындаған кезде ғана орта буын өкілдері қызметпен қоштасар уақытын есептеп қана қоймай, зейнетке шыққандағы жасын, жиған қаржысын, ай сайынғы алар зейнетақысын біліп, тұрақты есебін жүргізіп отырады. Зейнетақы – әрбір адамның көкейін тесіп, көңілін сансаққа жүгіртіп, толғандыратын маңызды әрі өзекті мәселе. Сондықтан жастар жағы болашағын бүгіннен бастап ойлап, қолға алса нұр үстіне нұр болмақ. «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ Маңғыстау облыстық филиалына бас сұғып, ондағы жұмыстың тыныс-тіршілігімен, жай-жапсарымен танысып, көрген кездегі алдымен көңілге түйген ойымыз осы жайында болды.
2013 жылы тамыз айында құрылған «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ бүгінде қанатын кеңге жайған ауқымды мекемеге, орасан зор жауапкершілікті арқалаған сенімді құрылымға айналған. Оның басты мақсаты – халыққа тез, сапалы әрі қолжетімді қызмет көрсетіп қана қоймай, болашақ зейнеткерлермен сенімді және ашық қарым-қатынас ұстанып, озық технологияларды, заманауи жабдықтарды пайдаланып, қажетті ақпарат, мәліметтерге қол жеткізуге жәрдемдесу. Онымен қоса, зейнетақы қоры әлемдік тәжірибеге сүйене отырып, ірі жобаларды, бағдарламаларды қолға алып, жүзеге асырып келеді. Ұялы қосымша, зейнетақы калькуляторы сынды жаңашылдықтар – соның дәлелі.
Облыстық филиалдың табалдырығын аттаған бойда, ондағы қызметкерлердің өзара сыйластығы мол, ауызбіршілігі берік орнаған орта екенін бірден байқадық. Одан әрі филиал директоры Айман Әубәкірова Қор қызметімен егжей-тегжейлі таныстыра бастады.
– Біздің филиал – Маңғыстау облысындағы басты кеңсе. Өңір халқына барынша қолжетімді, сенімді қызмет көрсету мақсатында аудандарда да шағын бөлімдер құрылған. Олар Жаңаөзен, Бейнеу, Форт-Шевченко, Шетпе және Мұнайлы аудандарында орналасқан. Бұл бөлімдер – қала-аудан халықтарына қызмет көрсету орындары деп аталады. Филиалдың құрамында барлығы 50-ге жуық қызметкер жұмыс істейді. Басты міндетіміз – халыққа жинақтаушы зейнетақы жүйесі туралы мағлұмат беру, толық әрі ашық түсіндіру. Біздің филиалда бірнеше бөлім жұмыс істесе, оның екеуі халықпен тығыз қарым-қатынаста қызмет етеді. Бірі – операциялық бөлім болса, екіншісі – барып қызмет көрсету бөлімі. Операциялық бөлімде отырған мамандарға жұртшылық өздерін қызықтырған сауалдарын қойып, қажетті қызмет түрлерін ала алады. Ал барып қызмет көрсету бөліміндегі мамандар қаладағы мекемелерге барып, насихат жұмыстарын жүргізіп, Қор қызметі жайында түсіндіреді. Одан басқа бақылау мен шаруашылық бөлімдері бар. Бақылау бөлімі шетелге көшіп кеткен зейнеткерлерден сұраныс, хаттар түссе, соларды жіті тексеріп, пошта арқылы жауап береді. Әр бөлімнің өзіне жүктелген мақсат-міндеттері бар және оны филиал қызметкерлері жоғары деңгейде атқаруға тырысып бағады.
Сонымен бірге филиал директоры биылғы 1 шілдеден бастап күшіне енетін Қазақстан Республикасы Әлеуметтік кодексінің нормаларына сәйкес зейнетақы төлемдерін әскери еңбек сіңірген жылдары үшін алушылар міндетті зейнетақы жарналары есебінен қалыптастырылған зейнетақы жинақтарын тұрғын үй жағдайларын жақсартуға және (немесе) өздері немесе жұбайы (зайыбы) немесе жақын туыстары үшін емделуге ақы төлеуге түгелдей пайдалануға құқылы екенін атап өтті.
– Бұл құқықты әскери қызметшілер, арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдарының, мемлекеттік фельдъегерлік қызметтің қызметкерлері, сондайақ арнаулы атақтарға, сыныптық шендерге ие болу және нысанды киім киіп жүру құқықтары 2012 жылғы 1 қаңтардан бастап жойылған адамдар қолдана алады. Сондай-ақ бұл санатқа Қазақстан Республикасының ішкі істер органдарындағы медициналық лауазымдары 2022 жылғы 1 шілдеден және 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап қысқартылған, лауазымы қысқартылған кезде әскери қызметте, арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдарындағы қызметте, мемлекеттік фельдъегерлік қызметте кемінде он екі жыл және алты ай үзіліссіз еңбек сіңірген жылдары болған адамдар қылмыстық-атқару (пенитенциарлық) жүйесінің тергеу абақтылары мен мекемелерінде орналасқан медициналық ұйымдарда жұмысын жалғастырған жағдайда да кіреді, – дейді Айман Әубәкірова.
Одан әрі филиал басшысы әңгімемізді «БЖЗҚ-дан тұрғын үй жағдайларын жақсарту, біржолғы зейнетақы төлемдерін алу үшін enpf-otbasy.kz порталы арқылы «Отбасы банк» тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ немесе «Қазақстан Халық банкі» АҚ, «Altyn Bank» АҚ, «Банк ЦентрКредит» АҚ, «Банк Фридом Финанс Казахстан» АҚ сияқты екінші деңгейдегі банктерге, ал емделуге ақы төлеу мақсатында «Отбасы банкі» тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ-ға ғана жүгінген жөн», – деп толықтырып өтті.
Филиалға келген тұрғындардың бірі зейнетақы жинақтарының бір бөлігін жеке инвестициялық портфельді басқарушыға аудару туралы шешім қабылдағанын жеткізді. Сонымен бірге ол қабылданған Әлеуметтік кодекске байланысты жаңа ережелер туралы естігенін, сол бойынша инвестициялық портфельді басқарушыға қанша жинақ аудара алатыны туралы сұрап, мамандардан тиісті жауабын алды.
Филиал жұмысымен танысу барысында салымшылардың инвестициялық мүмкіндіктері кеңейетіні туралы ақпаратқа қанық болдық. Атап айтқанда, міндетті зейнетақы жарналары және міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен зейнетақы жинақтарын инвестициялық портфельді басқарушының (ИПБ) сенімгерлік басқаруына беру кезінде зейнетақы жинақтарының ең төменгі жеткіліктілік шегі бұдан былай ескерілмейтін көрінеді. Қазақстан Республикасының жаңадан қабылданған Әлеуметтік кодексіне сәйкес 2023 жылдың 1 шілдесінен бастап БЖЗҚ-да міндетті және (немесе) міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары бойынша зейнетақы жинақтары бар адамдар инвестициялық портфельді басқарушы (ИПБ) компанияларға жеке зейнетақы шотындағы (ЖЗШ) зейнетақы жинақтары сомасының 50% шегінде, сақтандыру компаниясымен жасалған зейнетақы аннуитеті шарты болған жағдайда, ЖЗШда қалған сома қаржысы шегінде, ерікті зейнетақы жарналары (ЕЗЖ) есебінен қалыптастырылған жинақ сомасын түгел аударуға болады екен.
Атап кететін тағы бір жәйт, зейнетақы жинағының бір бөлігін ИПБ сенімгерлік басқаруына аудармай тұрып, нарықтағы ИПБ-лардың өзекті тізбесімен танысып, олардың БЖЗҚ сайтындағы инвестициялық декларацияларын, инвестициялық қызметтеріне жасалған шолуларды зерделеп, таңдалған жеке компанияның тәжірибесі мен жұмыс нәтижелері туралы толығырақ біліп алған жөн. Бұл туралы толық ақпаратпен https://www.enpf. kz/kz/ сайтындағы «Қызметтер» – «Инвестициялық портфельді басқарушылардың тізілімі» бөлімінде танысуға болады. Сондай-ақ МЗЖ және (немесе) МКЗЖ есебінен зейнетақы жинақтарын сенімгерлік басқаруға беру жөніндегі толық статистика да www.enpf.kz сайтындағы «Көрсеткіштер» – «Зейнетақы жинақтарын басқарушы компанияларға беру» бөлімінде толық қолжетімді.
...Облыстық филиалдың бір күндік тыныс-тіршілігімен танысу мақсатымен арнайы барған сапарымыз да лезде өте шығып, жинақтаушы зейнетақы жүйесіне, жаңадан қолданысқа енген Әлеуметтік кодекстің жаңашылдықтарына қатысты біраз тың мағлұматтан хабардар болып қайттық. Бұл ретте маған филиал қызметкерлерінің әрбір салымшыға деген құрметтері, олардың бірде-бір сауалды жауапсыз қалдырмаған кәсіби біліктілік деңгейлері ұнап, жағымды әсері үшін қалдырды.
Заңғар АМАНКЕЛДІ