20 наурызда Мемлекет басшысы Қазақстан Республикасының ақпараттық доктринасын бекіту туралы жарлыққа қол қойды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz akorda.kz-ке сілтеме жасап.
Бүгінгі таңда Қазақстанның алдында жаһандық ақпараттық экожүйенің толыққанды қатысушысы ретінде елдің осы саладағы ұлттық мүдделерінің мәнін көрсететін нақты ақпараттық-коммуникациялық императивтер мен құндылық бағдарларын әзірлеу міндеті тұр.
Ақпараттық доктрина ақпараттық-коммуникациялық салада мемлекеттік саясатты қалыптастыру үшін негіз қалаушы құжатқа айналады. Қоғам мен мемлекет мүдделерінің тепе-теңдігін қамтамасыз етеді. Медиалық процестің барлық субъектілерінің құқықтарын іске асыру үшін тең жағдайлар жасайды.
Доктрина отандық ақпараттық саланы дамытуға деген көзқарастардың жүйесін, оның ашықтығы мен бәсекеге қабілеттілігін арттыру принциптері мен тетіктерін ұсынады. Доктрина сондай-ақ мемлекет пен қоғамның одан әрі дамуына ықпал ететін, халықтың мүдделеріне сай келетін идеялық-құндылық көзқарастарын айқындайтын болады.
Президенттің Жарлығымен Қазақстан Республикасының Үкіметіне үш ай мерзімде Қазақстан Республикасының Ақпараттық доктринасын іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарын әзірлеу және бекіту тапсырылды.
Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Құжаттың толық нұсқасымен мына сілтеме арқылы таныса аласыз.Ақпараттық доктрина