Дубайда жүйрік аттар арасында өткен Al Maktoum Challenge (1-топ) Presented By Longines бәйгесінде қазақтың “Кабирхан” атты сәйгүлігі жеңіске жетті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Kazinform агенттігіне сілтеме жасап.
Кабирхан таңдаулы аттар арасындағы жарыста жеңістер сериясын сәтті жалғастырды. Оның қарсыластары өткен жылдың тәжірибелі жеңімпазы Мими Какуши мен Атлетико Эль Кулано, Клэптон, Фёрст Конститьюшен, Милитари Ло болды.
Бәйгеге әлемнің түкпір-түкпірінен ең жүйрік деген 12 тұлпар қатысты. Шабандоз Пэт Доббс мінген Кабирхан мәре сызығын бірінші болып кесіп, Бас жүлде – 1 миллион долларды жеңіп алды.
Бұған дейін 12 қаңтарда Дубайдағы әйгілі «Мейдан» ипподромында 2000 метр қашықтыққа шапқан Кабирхан жеңіске жеткен болатын.