Үкіметтің хабарлауынша, қазіргі уақытта жасөспірімдер арасындағы зорлық-зомбылық пен қорқыту құрбандарына көмек көрсету бағдарламасы әзірленуде. Қорқыту құрбандары мен мұндай фактілердің куәгерлерін анықтау және қолдау әдістемесі қазірдің өзінде қабылданған. 111 байланыс орталығы жұмыс істейді.Әдістеме бойынша мамандар қорқыту құрбандарымен де, агрессорлармен де жұмыс істейді. Сонымен қатар, Назарбаев зияткерлік мектептерімен бірлесіп финдік KiVa бағдарламасын сынақтан өткізу жоспарлануда, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
«Бастапқы кезеңде 100-ден астам мектеп таңдалып, іс-шаралар жоспары дайындалды. Әдістеме бейімделді, мамандар дайындалуда. Пилоттық режимде енгізу келесі оқу жылынан бастап жүзеге асырылады. Тақырыптық аудиториялық сабақтар анықталды. Бағдарлама тиімділік танытса, тәжірибені басқа мектептерге енгіземіз», - деді «Назарбаев Зияткерлік мектептері» АҚ басқарма төрағасы Әнуар Жанғозин.
Бұзақылыққа қарсы шаралар аясында желіні кеңейту, орталықтар мен психологиялық қолдау кабинеттерін нығайту міндеті тұр. Мұндай орталықтар барлық өңірлерде ашылуы керек. Білім вице-министрі Еділ Оспанның айтуынша, бұл бағыттағы жұмыстар ағымдағы жылдың маусым айына дейін аяқталады. Облыс әкімдіктеріне жұмысты бекітілген кестеге сәйкес ұйымдастырып, жұмыс барысын жіті бақылауға алу тапсырылды.
«Зорлық-зомбылық пен қорлау құрбандарына қолдау көрсету бойынша жұмыс ерекше маңызды. KiVa бағдарламасын пилоттық режимге енгізу бойынша қажетті шараларды қабылдауды тапсырамын. Қатысушы мектептерді таңдау критерийлері мұқият қарастырылуы керек. Таңдалған мектептермен шектеліп қалмай, Назарбаев Зияткерлік мектептері базасында әдістемелік кеңес беруді ұйымдастыру қажет деп санаймын. Бұл мәселеде мүдделі мемлекеттік органдар мен облыс әкімдіктерінің бірлескен жұмысы маңызды», - деді Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Тамара Дүйсенова.