Өзбекстан Республикасының «Made in Uzbekistan: Industrial potential of Karakalpakstan» атты бизнес форум аясында Маңғыстауға сапарлап келген ресми делегация мен кәсіпкерлер ірі кәсіпорындарды аралады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Маңғыстау өңіріне Қарақалпақстан Республикасы жоғарғы кеңесінің төрағасы А. Орынбаев, делегация және Қарақалпақстан Республикасынан келген кәсіпкерлер Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары А. Өрісбаевпен бірге «Ақтау ОРЦ» көтерме тарату орталығы, «Ақтау теңіз сауда порты «ҰК» АҚ,«Ақтау теңіз порты» АЭА» АҚ , Автолюкс ЖШС көтерме тарату орталығының жұмысымен танысты.
Ең алғаш таныстырылған обьект - «Ақтау ОРЦ» ЖШС көтерме тарату орталығы. Орталықтың директоры Бекзат Жеткізгеновтың айтуынша, маусым айында іске қосылған кешен 40-мың тонна тағам сақтауға арналған.
- Осыған байланысты шетелден келетін тауарларды қабылдауға дайын. Форум аясында кәсіпкерлерге қызу жұмыс барысы және жоспар жоғары деңгейде таныстырылды, деп атап өтті ол.
Сонымен қатар, бизнес-форумда қос тарап екіжақты меморандумға қол қойды.
- Меморандум аясында өңірдегі сауда саласындағы обьектілердің жұмыс барысы делегацияға таныстырылды. Сондай-ақ, көршілес елден келген кәсіпкерлер теңіз порты арқылы жөнелтетін жүктерді тасымалдау барысын көріп, өз қызығушылықтарын танытты. Онымен қоса, арнайы экономикалық аймақта «West ECO Plast» ЖШС қаптама бұйымдарын шығаратын зауыт (big bag) жұмысын тамашалады. Алда осы өндіріс бағыттары бойынша ортақ серіктестік пен байланыс орнату жоспарланды, деді Маңғыстау облысының кәсіпкерлік және сауда басқармасының басшысы Дастан Яхияұлы.