Экспозиция жасаушы мекемелерге арнайы лицензия беру мүмкіндігін қарастыру керек. Бұл ұсынысты Маңғыстау облыстық мәслихатының әлеуметтік мәселелер және заңдылық пен құқықтық тәртіп мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның төрайымы Пания Сармурзина Мәдениет және спорт министріне қойған сауалында айтты.
Оның айтуынша, музей экспозициясын дайындауға сол өңірдің тарихын, салт-дәстүрін, тұрмыс ерекшелігін білетін тарихшылар, өлкетанушылар, суретші, археологтар т.б мамандар қатысуы тиіс.
“Музей экспозициясын әзірлеу барысында Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрі 2020 жылғы 25 маусымдағы № 188 ("Тарих және мәдениет ескерткіштеріндегі ғылыми-реставрациялық жұмыстарды және (немесе) археологиялық жұмыстарды жүзеге асыру жөніндегі қызметке лицензия беру» мемлекеттік қызметін көрсету қағидаларын бекіту туралы) бұйрығына «музейлердегі экспозиция залдарына экспозиция жұмыстарын жүзеге асыру жөніндегі қызметке лицензия беру» деген пункт кіргізу қажет. Себебі музей экспозициясын дайындауға сол өңірдің тарихын, салт-дәстүрін, тұрмыс ерекшелігін білетін тарихшылар, өлкетанушылар, суретші, археологтар т.б мамандар қатысуы тиіс. Ал қазіргі уақытта кез-келген мекеме төмен бағамен ұтып алып жұмыстың нәтижелі жасалуына кедергі келтіріп отыр”, - деді Пания Сармурзина.
Министр бұл мәселені жергілікті әкімшілікпен бірлесіп қарау керектігін айтты.
- Мәжіліс және жергілікті әкімшілікпен бірлесіп, жұмыс жасауымыз керек. Өйткені қаражатты талап етеді, - деді Асхат Оралов.