Бұл туралы Нұрлан Ноғаев Қоғамдық кеңес өкілдеріне Маңғыстау облысының даму қорытындылары туралы жиында айтты. Өңір басшысы Нұрлан Ноғаев 2023 жылдың қорытындысы бойынша өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары туралы баяндап, алдағы міндеттерді орындауға қатысты жоспарларды айтты, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Нұрлан Ноғаевтың айтуынша, 2023 жылдың қорытындысы бойынша өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы тұрақты болды, сондай-ақ негізгі макроэкономикалық көрсеткіштерде оң нәтиже байқалған. Облыстың өнеркәсіптік кәсіпорындары шығарған өнім көлемі 2022 жылмен салыстырғанда тұрақты болып, 3,0 трлн теңгені құрады.
Облыс дамуының негізгі бағыттары бұрынғыдай өңдеу өнеркәсібі, туризм, шағын және орта бизнес, көлік және логистика, сондай-ақ агроөнеркәсіп саласы болып отыр. Бұл ретте Маңғыстау облысының әкімі өңірге инвестиция тартуды ұлғайту қажетін атап өтті. Былтыр өңір экономикасына салынған инвестиция көлемі 762 млрд теңгеден 1,1 трлн теңгеге дейін өсті, бұл 34% көп көрсеткіш.
"Экономиканың түрлі салаларында жалпы соммасы 21 млрд теңгеге 16 инвестициялық жобаны іске асыру есебінен 500 жаңа жұмыс орны құрылды. Оның ішінде өңдеу өнеркәсібінің 10 жобасы, 3 жоба білім беру, 3 жоба ауыл шаруашылығы салаларында жүзеге асты. Перспективада 2026 жылға дейін 43 инвестициялық жоба іске асады жоспарланып отыр. Осы жобаларды табысты іске асыру есебінен өңір экономикасына 880 млрд теңге инвестиция тарту және 2 400 жаңа жұмыс орнын құру жоспарланған. Оның ішінде биыл 160 млрд теңгеге 13 жобаны іске асыру және 600 жұмыс орнын құру жоспарланып отыр", - деді Нұрлан Ноғаев.
Аймақ басшысының айтуынша, экономикалық өсу аймақтың инфрақұрылымына да тікелей байланысты.
«2023 жылы "Ақтау"," Құрық "және" Солтүстік терминал" порттары арқылы жүктерді ауыстырып тиеу көлемі 11% өсіп, 7,1 млн тоннаны құрады. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Ақтау портының базасында контейнерлік хаб құруға бағытталған жұмыстар жалғасуда», - деді Нұрлан Ноғаев.
Ақтау қаласының автобус паркін жаңарту үшін 2023 жылы 70 дана жолаушылар автобусы сатып алынды, нәтижесінде халықтың өмір сүру сапасын жақсарту мақсатында қаланың автобус паркі 100% жаңарды.
Ақтауға қалаішілік және ауданаралық маршруттар қосу үшін қосымша 126 заманауи автобус сатып алынбақ. Бұл қадам облыстық автобус паркін жаңартуға бағытталған.
"Сонымен қатар, экологиялық таза отын метанында жүретін автобустар мен жекелеген автомобильдерге арнап метан құю станцияларын ашуға бағытталған жұмыстар жалғасып жатыр. Қазір Ақтау қаласында бір метан құю станциясы бар, алдағы уақытта тағы үш станция ашу жоспарлануда", - деді Нұрлан Ноғаев.
Сонымен қатар, әкім өңірді тұрақты газбен жабдықтау мәселелеріне тоқталды.
"Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша “Бейнеу-Жаңаөзен” газ құбырының екінші желісінің құрылысы аяқталып, нысан пайдалануға берілді. Оның құны 308 шақырым үшін 180 млрд теңге болды, сондай-ақ өткен жылы республикалық бюджеттен ұзындығы 148 шақырым болатын "Жаңаөзен-Ақтау" магистральдық газ құбырының төртінші тармағын іске асыруға 5,3 млрд теңге бөлінді. Биыл республикалық бюджеттен 18,4 млрд теңге бөлінді. Жобаны аяқтау 2025 жылға жоспарланған", - деді Нұрлан Ноғаев.
Ақтау қаласының солтүстік бөлігінің жаңа шағынаудандарын тұрақты газбен жабдықтау мақсатында іске асырылып жатқан "Жаңаөзен-Ақтау" МГ құбырынан басталатын газ тарату станциясы бар магистральдық газ құбырын салу жобасы бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстары аяқталды. Қазіргі уақытта газ құбырын іске қосу жұмыстары жүріп жатыр. Жобаның құны 10,5 млрд теңге, ұзындығы 52 км.
"Туризмді дамыту мақсатында Құрық ауылы ауданындағы АГТС-тен, сондай-ақ "Жылы жағажай" курорттық аймағында орналасқан "Сарша" жерінен "Риксос" қонақ үйіне дейін орналасқан жоғары қысымды газ құбырының құрылысы аяқталды. Бұл жоба Құрық елді мекенін, сондай-ақ өндірістік және рекреациялық аймақтарды газбен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сайып келгенде, жоғарыда аталған жобалар елдің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады және облыста жаңа өндірістер құруға ықпал етеді", - деп атап өтті Нұрлан Ноғаев.