Ш.Есенов атындағы КМТИУ-де қазақтың белгілі ақын қызы, халық жазушысы, журналист, қоғам қайраткері, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Фариза Оңғарсынованың 80 жылдығына орай Фариза Оңғарсынова атындағы оқу аудиториясының ашылуына арналған салтанатты шара болды. Маңғыстау облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Ержан Күмісқалиев пен ақынның қатар жүрген замандасы, белгілі азамат Тергеу Айдарханов жаңа оқу аудиториясының таспасын қиғаннан кейін жиналғандар ішке еніп, тамаша көрініске куә болды.
Фариза ақынның ғибратты өмір жолы, атқарған қызметтері мен шығармашылығы туралы негізгі ақпараттар аудитория қабырғаларынан орын алған. «Қазақ филологиясы» кафедрасының меңгерушісі Ақмарал Отарова қонақтарды аудиториямен таныстырады.
-1966 жылы алғашқы «Сандуғаш» өлеңдер жинағынан бастап «Маңғыстау монологтары» «Мазасыз шақ», «Мен сенің жүрегіңдемін», «Шілде», «Сенің махаббатың», «Дауа» сияқты кітаптарымен поэзия әлемінде отты жыр, сыршыл лирикаларымен қазақ әдебиетін биікбелеске көтеріп, жыр әлемінде өзіндік қолтаңбасын қалдырды, - деді Ақмарал Нұрқожақызы.-Фариза Оңғарсынованың әр жылдары жарық көрген, бүгінде жыр сүйер қауымның рухани байлығына айналған 12 кітабы осында. Білім алушылар смартфондарына жүктеп алып кез келген шығармасын Qr код қосымшасы арқылы смартфондарына жүктеп алып, оқып, тыңдай алады. Интерактивті тақта арқылы студенттер мен магистранттар бейнефильмдер, электронды оқулықтар, аудиокітаптар, деректі фильмдерді көріп, оқи алады. Осылайша білімалушылар үшін кітап оқуларына, электрондық нұсқаларымен де жұмыс жасауларына толықтай мүмкіндік берілген. Көрнекті ақынның рухани мұрасын зерттеу ісі біздің университетімізде де жүріп жатырғандығын айта кеткеніміз жөн. Дипломдық жобалар, магистрлік диссертациялар қорғалуда, профессор оқытушылар Фариза Оңғарсынова шығармашылығын тілдік, әдеби тұрғыда зерттеп, зерделеп, ғылыми мақала, жоба жұмыстарын, монография, оқулықтар жазуда. Сондықтан Фариза апамыздың бай рухани мұраларының тағылымын жастар бойына сіңіре беру ұстаздық міндетіміз бола бермек.
Ф.Оңғарсынованың Ш.Есенов атындағы университетке де сіңірген еңбегі зор. Маңғыстауға келген сапарларында университетке келіп, жастармен жүздесіп, ақыл-кеңесін айтудан жалықпайтын. Жастарға өзінің өлеңдер жинақтарын сыйлайтын. Шараға қатысушылар поэзия падишасы Фариза Оңғарсынова есімін жас ұрпақ жадында мәңгі сақтау мақсатында оқу аудиториясын ашу–игілікті шаралардың бірі екенідігін айтты.
Кабинет ашылған соң университет кең залында Фариза Оңғарсынованың 80 жылдығына арналған «Поэзия падишасы» атты поэзия кеші өтті. Кешке Фариза ақынмен бірге жүрген дос, замандастары мен іні-сіңлілері, университет ұжымы мен білім алушылары жиналды. Босқосуды кіріспе сөзбен ашқан университет профессоры Нағбду Қамарова алдағы үш жылда университет ғалымдары «Фариза Оңғарсынова шығармаларының поэтикасы» атты ғылыми жобаны қолға алып, Фариза ақынның поэзиясын терең зерттеуге университет тарапынан қолдау тауып жатқандығына ризашылығын білдірді.
Университет ректоры Берік Бақытжанұлы Фариза Оңғарсынова атындағы аудитория ашу–белгілі тұлғаны ұлықтау, Фариза ақын–ұлықтауға лайықты тұлға деп бағаласа, облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Ержан Күмісқалиев облыс әкімдігі атынан ризашылығын жеткізді.
Поэзия падишасына жыр арнамаған ақын кемде кем. Маңғыстаудың белгілі ақын қызы Жұмагүл Мұрсал Фариза апасына арнауын оқыды. Фариза поэзиясын сүйіп оқып, оған жүректерін жарып шыққан жырларын арнайтын жастар да аз емес. Осы оқу орнының 1-курс студенттері Наурызбек Дүйсенов, Динара Смағұл, Сәбит Баймұхан кеш қонақтарына Ф.Оңғарсынованың өмірі, тағдыры туралы жазылған өлеңдерін ұсынды.
Халқымыздың ақиық ақыны Мұқағали Мақатаев жалған тіршіліктен дос таба алмай, күйзелгенде өмірмен қоштасатын базыналық өлеңін Фаризаға арнап жазып кеткенді қош көрген-ді. Осы өлеңге жазылған Ә.Тінәлиев ән жазды. Маңғыстау облыстық филармониясының әншісі Екпін Толқынхан осынау «Фаризаға» әнін орындап, жиналғандарды өнерімен тәнті етті.
Өңірімізде жақында ғана ұйымдастырылып, мәресіне жеткен «Фариза оқулары» сайысында университеттің 4-курс студенті Нұржан Асамадинов 1-орынға ие болса, қалалық «Фариза оқулары» сайысында 1-орын 1-курс студенті Ақмарал Атмурадоваға бұйырған болатын. Ал Жансая Бердібаева мен Гүлзира Бердіханова–университетішілік «Фариза оқулары» сайысының жеңімпаздары. Аяулы ақын апаларының шығармасына ғашық жастар Фаризаның нәзік сезімді жырлаған өлеңдерін оқыды.
Ел ағасы Тергеу Айдарханов, Фаризаның ақын сіңлісі Ақшагүл Рамазанова естеліктер айтса, әнші Айгүл Құбаш гитарамен Ф.Оңғарсынованың сөзіне жазылған 2 ән орындады. Сондай-ақ осы оқу орнының-курс студенті Әйгерім Оңғарбаева ақын апайға арнаған балауса жырын нақышына келтіре оқып берді. Ал филология магистрі, әнші, өнер жанашыры Гүләйім Қожантайқызы Ф.Оңғарсынованың сөзіне жазылған «Әйел монологы» әнін орындап, көпшілік қошеметіне бөленді.
Жыр кешінде ақынның Маңғыстау жерінің қасиетін толғаған «Маңқыстауда патшадай сезінемін» атты өлеңі де оқылып, кешке жиналған аға буынды бір серпілтті. Кешті қорытындалаған Н.Қамарова жыр тұнығынан сусындаған қонақтарға алғыс айтып, сөзін «сіз бен біздей оқырманы, іздеушілері барда сезімі жалын боп шалқыған, шындығы шоқ боп маздаған, мазасыз әлемнің маздақ жырларының ғұмыры да ұзақ болмақ», деп түйіндеді.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА
Суретті түсірген Қадірбек ӘБІТОВ