Жаңаөзен қаласында ауыл шаруашылығы өнімдері және әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының жәрмеңкесі өтті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жәрмеңке әлеуметтік маңызды тауарлар мен азық-түлік бағасын тұрақтандыру мақсатында ұйымдастырылды. «Жаңаөзен» сауда кешенінің алдында өткен жәрмеңкеде өнімдер 20-30 пайызға арзан сатылды.
Оған қаладағы кәсіпкерлер қатысып, ұн, қант пен жеміс-жидектерді арзан бағада ұсынды. Сондай-ақ «Баян Сұлу» өнімдері мен «Добрый» фирмасы де өз үлесін қосты.
Таңмен таласа басталған жәрмеңкеге жиналған қала тұрғындары өзіне қажетті азық-түлікті қолайлы бағамен сатып алды. Мәселен, жәрмеңкеде нан 95 теңгеден, сүт өнімдері, йогурттар 350 тг, қызанақ 300 тг, картоп 180 теңгеден сатылды. Сондай-ақ, тұрмыстық қажетті заттар да тұрғындарға арзан бағада ұсынылды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, жәрмеңке алдағы аптада енді тұрақты түрде бейсенбі, сенбі күндері өткізіліп тұрады.