Ақтау қаласының тұрғыны Елвин Набиев ұрыны ұстап, 102 телефоны бойынша полицияға хабарласқан, деп хабарлайды mangystaumedia.kz
- 19 қыркүйек күні сағат 00:45 шамасында 20-шағын аудандағы 36-үйдің артында белгісіз біреу 19 жастағы қызды итеріп, оның қолынан сөмкесін тартып алған. Қоңырауға жедел ден қойған полиция қызметкерлері оқиға орнына дереу жетіп, 29 жастағы күдіктіні полиция бөліміне жеткізді.
Аталған факті ҚР Қылмыстық кодексінің 191-бабының 2-бөлігімен Ақтау қаласы бойынша тіркелді. Ақтау қаласының Тергеу соты күдіктіге қатысты «үйқамақ» бұлтартпау шарасын қолданды, - деп хабарлады Маңғыстау облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Қылмысты ашуға үлес қосқан азаматқа азаматтық борышын адал атқарғаны үшін Ақтау қалалық Полиция басқармасының бастығы, полиция полковнигі Нұрсұлтан Мұханбетқали алғыс хат пен бағалы сыйлық табыс етті.
– Ұрыны ұстау оңай шаруа емес. Ол қарулы болуы мүмкін, агрессивті болуы мүмкін. Алайда, сіз өз өміріңізге төнген қауіпті елемей, осындай батылдық таныттыңыз. Сізге үлкен алғысымызды білдіреміз, - деді полиция полковнигі өз сөзінде.