Маңғыстау облысының әкімі С. Трұмов NCOC компаниясының жуырда тағайындалған басқарушы директоры Оливье Лазар бастаған компания өкілдерімен кездесті.
Жиында өңір халқының өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын жақсарту мақсатында атқарылуы тиіс бірқатар мәселелер талқыланды.
Бүгінде, NCOC компаниясының жүзеге асырып жатқан «Солтүстік Каспий жобасы» Қазақстан экономикасының дамуына зор үлесін қосуда.
Маңғыстау жұртшылығы жобаның екінші кезеңінің басталуына үлкен үміт артып отыр.
«Жергілікті тұрғындар еліміздегі жалғыз теңіз үстінде жасалып жатқан жобаға қатысуға толық мүдделі деп есептеймін. Қызығушы тараптарды қосып, тұрақты қызмет жасайтын жұмысшы орган құрып, жергілікті тұрғындарды жобаға қосуды ұсынамын. Облыс әкімдігі тарапынан аталған шараны ұйымдастыруға дайын екенімізді жеткізгім келеді»,- деді С.Трұмов.
NCOC компаниясы өлкемізде ірі әлеуметтік жобаларды іске асыру арқылы өңірді дамытуға жыл сайынғы зор үлес қосып келеді. 2016-2020 жылдары Маңғыстау облысында 14 жоба іске асырылды. Ол облыс орталығындағы жасөспірімдер үйі және Достық үйі, Маңғыстау ауылындағы мәдениет үйі, Маңғыстау, Сенек, Бейнеу ауылдарындағы үш спорт кешені және Ақтау қаласындағы, Құрық және Маңғыстау ауылдарындағы үш жатақхана, Ақтау қаласындағы теңіз жағалауын абаттандыру, сондай-ақ Ақтау қаласындағы, Бейнеу және Мұнайлы аудандарындағы бірқатар автокөлік жолдары.
Сонымен қатар, компанияның демеушілігімен биыл Ақтауда онкологиялық диспансердің, бокс орталығының, Ә.Кекілбаев атындағы мәдени орталықтың құрылысы аяқталып, автожол пайдалануға беріледі.
Аймақ басшысы компания өкілдеріне өңірдің дамуына қосқан үлестері үшін алғысын айтып, биыл да әлеуметтік маңызы зор жобаларға қолдау көрсетуге шақырды.
NCOC компаниясының басқарушы директоры Оливье Лазар аталған ұсыныстарды жан-жақты қарайтындарын жеткізді.