Бүгін Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Гүлмира Қалмұратова Қарақия ауданына келді.
Алдымен облыстық санаторлық мектеп интернатының жұмыс барысымен танысып, бірқатар нақты тапсырмалар берді. Бұдан соң аудан орталығында енді ашылып жатқан "АКСОН МЕД" оңалту орталығына барды. Бұл орталық әртүрлі операциялар мен спорттық жарақаттан кейін қалпына келтіру, жүрек-қан тамыр, бел-омыртқа ауруларымен ауыратын науқастарды оңалту қызметін көрсетпек. Осыған орай тиісті, заманауи медициналық құрылғылармен жабдықталған. Науқастарды массаж, қимыл-қозғалыс, тыныс алу жаттығуларымен, тоқпен, сумен, оттегімен, тұзбен емдеуге жағдай жасалған. "Магниттік өріс", "Тұзды шахта" бөлмелері де бар.
Орталықта қазір кардиолог, невропотолог, реабилитолог қатарлы мамандар, медбикелер қызмет көрсетеді. Кіші қызметкерлерді аудандық жұмыспен қамту орталығы арқылы Құрық ауылының тұрғындарынан қабылдаған.
Дәл қазіргі сәтте Алматы қаласынан келген бір топ маман орталықта тұрғындарды қабылдап, тегін қызмет көрсетуде. Олар жергілікті мамандармен тәжірибе бөлісіп, құрылғылармен қалай жұмыс жасау керегін көрсетсе, массаж кабинетінің дәрігері жергілікті 4 жас маманды оқытып жатыр.
Жаңа орталықтың жұмысымен танысқан Гүлмира Мұратқызы ұжымға сәттілік тілей отырып, бірқатар тапсырмалар берді. Ересек тұрғындарды оңалтумен қатар ДЦП, аутизм, басқадай түрлі аурумен ауыратын балаларды оңалту, денсаулығы осал балаларды демалыс кезінде емдеу-сауықтыру мәселесін бірлесіп қарастыруды ұсынды.
Шынар Кендін