Маңғыстау облысы 9 мамырдан бастап «жасыл» аймақта болғанымен өңірдегі эпидемиологиялық ахуал әлі де тұрақсыз. Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте Маңғыстау облысы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Ғазиз Надуев айтты.
Оның айтуынша, соңғы екі аптада коронавирустық инфекцияны 96 мектеп оқушысы, 6 мұғалім жұқтырып отыр.
«Қауіпті індет 96 оқушыдан үйдегі қарым-қатынас арқылы анықталып отыр. Ауырған оқушының барлығының шағымы жоқ. Жақын байланыста болған адамдар карантинге алынды. Індетке қарсы шаралар жалғасуда», - деді Ғазиз Надуев.