Бүгін Үкімет отырысында ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының өсуіне алаңдаушылық танытты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Халықтың өмір сапасының басты факторы - азық-түліктің қолжетімділігі мен сапасын қамтамасыз ету. Өткен жылы Үкімет пен әкімдіктер азық-түлік өндіруді, сақтау мен барлық өңірлерге жеткізуді қамтамасыз ету бойынша шаралар кешенін қабылдаған болатын. Әлеуметтік маңызы бар тауарлардың шекті бағасы белгіленді, «қайтарымды схема» арқылы бағаны өсірмеу бойынша міндеттеме алған сауда желілеріне жеңілдікті несие беру тәжірибесі кеңейтілді. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге мемлекеттік қолдау шаралары көрсетілді. Бұл шаралар әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасының өсімін тұрақтандыруға мүмкіндік берді», - деді Үкімет басшысы.
Алайда, ҚР Премьер-Министрі осы жылғы қаңтардан бері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының өсімі орын алғандығын бұл Үкімет пен әкімдіктердің қосымша шаралар қабылдауын талап ететіндігін баса айтты.
«Мысалы, бағалардың ең көп өсуі Батыс Қазақстан, Маңғыстау облыстарында және Шымкент пен Нұр-Сұлтан қалаларында тіркелді. Осыған орай, Сауда және интеграция министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру жөніндегі жол картасын әзірледі. Ұсынылған шараларды мақұлдауға болады, оларды іске асыруға кірісу қажет», - деді Асқар Мамин.