Биыл Қазақстан Республикасы Президентінің Телерадиокешеніне 25 жыл. Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ТРК-ның жаңа аппараттық-студия кешенін аралап көріп, ұжымды мерейтойымен құттықтады, деп жазды Берік Уәли Facebook-тегі парақшасында.
"Президент Телерадиокешені жұмысының негізгі нәтижелерімен танысты. Ширек ғасыр ішінде оның қызметкерлері 800 деректі фильм түсірген. 2019 жылдың 20 наурызынан бері Мемлекет басшысының қызметі туралы 600 сағаттық видеотүсірілім жасалып, 56 деректі фильм, 450 видеоролик дайындалған.
Көптеген видеоматериалдар Telegram және YouTube әлеуметтік желілеріне жүктелген.
Президенттің Телерадиокешені Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай "Абайдың қара сөздері" және "Қуатты өңірлер – қуатты Қазақстан" деректі фильмдер циклын түсіруді жоспарлап отыр.
Қасым-Жомарт Тоқаевқа «Ақорда» резиденциясында орнатылған UHD (4K) аппараттық-студия кешені таныстырылды. Бұл кешен жоғары сапалы видеотүсірілім жасауға мүмкіндік береді.
Мемлекет басшысы Телерадиокешеннің ұжымына ел өміріндегі аса маңызды оқиғаларды жедел әрі сапалы жариялап көрсеткені үшін ризашылығын білдіріп, ТРК қызметкерлеріне жаңа шығармашылық табыс тіледі", делінген жазбада.