ҚР Денсаулық сақтау министрлігі вакциналауды ұйымдастыру және жүргізу бойынша әдістемелік ұсынымдар мен вакциналарды сақтау және тасымалдау регламентін бекітті. Бұл туралы ведомство басшысы Алексей Цой айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Азаматтарды коронавирус инфекциясына қарсы вакциналауды ұйымдастыру және жүргізу жөніндегі іс-шаралар жоспарына сәйкес, министрлік барлық шараларды қабылдады және 1 ақпаннан бастап COVID-19-ға қарсы вакциналауды бастады. Жоспар шеңберінде вакциналауды ұйымдастыру және жүргізу жөніндегі әдістемелік ұсынымдар және вакциналарды сақтау мен тасымалдау регламенті әзірленді және бекітілді. Жұмыстар кестеге сәйкес жүргізілуде», - деді Алексей Цой Үкімет отырысында.
Ол вакцина алғандар туралы деректердің Денсаулық сақтау министрлігінің ақпараттық жүйесіне енгізілетінін атап өтті.
«Қазақстандық мобильдік қосымшаға жеке иммундық мәртебесі туралы QR-кодтарды енгізу үшін Egovmobile мобильдік қосымшасын іске қосу жоспарланған, ол «Ashyq» медициналық қосымшасымен интеграцияланатын болады. Онда медициналық ақпараттық жүйелердегі азаматтар бойынша, оның ішінде QR-код арқылы тексеруге ұсыну үшін COVID-19 қарсы вакциналаудан өткені туралы деректер жинақталады», - деді министр.
Айта кетейік, 1 ақпанда Қазақстанда коронавирус инфекциясын жұқтыру және тарату тәуекелі жоғары санаттарды коронавирусқа қарсы вакциналау басталды.