Қазақстандық вакцина клиникалық сынақтың үшінші кезеңінен өтіп жатыр. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қазіргі уақытта қазақстандық вакцина жасалып қойды. Ол клиникалық сынақтың үшінші кезеңінен өтіп жатыр. 3 000 ерікті вакцина қабылдады. Арада 21 күн өткеннен кейін екінші мәрте қабылдайды. Бұл зерттеу жұмысы анонимді түрде жүзеге асуда», - деп атап өтті ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой.
Ол мемлекеттік қызметкерлердің бірқатары вакцина қабылдағанын айтты.
«Қандай мемлекеттік қызметкерлер вакцина қабылдағанын өздеріңіз де білесіздер. Олардың арасында Мемлекет басшысының көмекшісі Ерлан Қарин және Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев бар», - дейді ол.