Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мақсұм Мырзағалиев пен Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Трұмовтың бастамасымен "Маңғыстаудың экологиялық ахуалын кешенді шешу жөніндегі “Жол картасы" бекітілді. Бұл туралы Маңғыстау облыстық экология департаментінің басшысы Руслан Төкенов мәлім етті.
Оның айтуынша, бекітілген жол картасы қоршаған ортаға теріс әсерді азайту және болдырмау мақсатында қолға алынған. Сондай-ақ атмосфералық ауаға зиянды заттардың шығарындыларын азайтуды көздеп отыр.
«Маңғыстау ауданы, Шетпе ауылында орналасқан қиыршық тас карьерлерінің қызметінен шаң жүктемелерінің алдын алу мақсатында, аумақты көгалдандыру, қалдықтарды басқару саласы, жер ресурстарының тарихи ластануының алдын алу, радиоактивті ластануды болдырмау, сонымен қатар су ресурстары саласы, биоалуантүрліліктің сақталуы және тағы да басқа экологиялық мәселелерді шешу мақсатында әзірленді», - деді Руслан Төкенов.
Айта кететін жайт, өңірдегі ірі жер қойнауын пайдаланушылардың өнеркәсіптік қалдықтарын, оның ішінде "тарихи" деп аталатын қалдықтар кәдеге жарады.
Мәселен, "Маңғыстаумұнайгаз" АҚ-ның негізгі қызметі Маңғыстау облысының 15 мұнай кен орнында мұнай мен газ өндіру. Оның келісімшарттық аумақтарында бұрын жинақталған өндірістік қалдықтары бар 12 полигон болған.
«Атап айтқанда “Жетібаймұнайгаз” ӨБ аумағында: 7 полигон-ГУ-3 (ескі), ГУ-9, ГУ-Асар, ЦППН (жаңа), ЦППН (ескі), ЦППН нефтешлам және ГУ-3 (Жаңа). Олар осы уақытқа дейін пайдалануға берілмеген. Ал "Қаламқасмұнайгаз" ӨБ аумағында: 5 полигон - №1 ЗГ, №2 ЗГ, мұнай шлам полигоны, №3 бұрғылау қалдықтары полигоны және қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны. Қазіргі уақытта техникалық рекультивация жүргізумен 9 полигон толығымен жойылды (атап айтқанда 2017 жылы – 1, 2018 жылы – 1 және 2019 жылы – Осы жылы қалған 3 полигонды тиісті рекультивациялық жұмыстар жүргізе отырып, жою күтілуде. "Қаражанбасмұнай" АҚ бойынша 2019 жылы 36 005 тонна бұрын жинақталған өнеркәсіптік мұнай қалдықтары кәдеге жаратылды, осылайша №1 полигон толығымен тазартылды», - деді Руслан Төкенов.