Облыста кеше өткен "Дүниежүзілік тазалық күні" акцисына 1 250 адам қатысты. Оның ішінде 580 мемлекеттік қызметші, 430 волонтёр, 240 тұрғын бар. Жиналған қоқыс 115 тоннадан асып түсті. Оның 15 тоннасы шыны, 42 тоннасы пластик, 24 тоннасы резеңке, 27 тоннасы қағаз, сонымен қатар 7 тонна металл өңдеуге берілді.
Маңғыстау облысының экология департаменті мен облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы "Кіші оймашы" аумағын тазалауға шыққан акция қатысушыларын жеке қорғаныс құралдарымен, соның ішінде антисептиктермен, қолғаптармен, бетперделермен, қоқысқа арналған арнайы пакеттермен қамтамасыз етті.
Тазалық акциясына кез келген адам қатыса алды. ҮЕҰ және қоғамдық ұйымдардың белсенді өкілдерінің арасында "Эко Маңғыстау", "Маңғыстау табиғаты", "Еcojer" қауымдастығы, "Невада-Семей" қозғалысы, "Табиғи орта", "ECO Safari Aktau", волонтерлер және тағы басқаларын атап өтуге болады.
"Жыл сайын миллиондаған адам Эстонияда пайда болған "Дүниежүзілік тазалық күні" азаматтық акциясына белсенді қатысады. Қоғамдық және қорық орындарын қоқыстан тазарту шаралары әлемнің 180-ге жуық елінде жүргізіледі. Шетте қалмай аталған іс-шараны қолдауға келгендердің барлығына алғыс айтамыз", деді Маңғыстау облысының экология департаментінің басшысы Руслан Төкенов.
"Біз тазалыққа бет алған миллиондаған адамдардың қатарындамыз. Осы акцияға қатыса отырып, біз өз қолымызбен өзгерістер жасай алатынымызды тағы да дәлелдедік. Әсіресе, еріктілер қозғалысының қатысушыларының белсенділігі ерекше қуантты", дейді Маңғыстау облысы табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Дүйсен Құсбеков.
Осылайша 13 жыл қатарынан миллиондаған адамдар "World cleanup Day" акциясына қатысып келеді. 2019 жылы бұл шара 169 елдің еріктілерін біріктірді. Олар саябақтарды тазалап, өзен-көлдердің және теңіздердің жағаларын тұрмыстық қоқыстардан тазартуды қолға алған.