3 тамызға қараған түні Қазақстан Азаматтық альянсының президенті, экономика ғылымдарының докторы, қоғам қайраткері, профессор Салтанат Рахымбекова 55 жасында өмірден өтті. Бұл туралы оның жұбайы Төлеутай Рахымбеков Facebook парақшасында жазды.
Бұған дейін ол Салтанат Рахымбекованың пневмониямен ауырып, 11 шілдеде жансақтау бөліміне түскені туралы жазған.
Салтанат Рахымбекова 1965 жылы 18 ақпанда дүниеге келген. Ол жасыл экономика және экология саласындағы белгілі қоғам қайраткері, бірқатар үкіметтік емес ұйымдардың - G-Global жасыл экономика және даму коалициясы, «EXPO&Women» халықаралық ұйымы, Қазақстан әйелдерінің аграрлық одағының негізін қалаушы және жетекшісі, экономика ғылымдарының докторы, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстанның жасыл экономикаға өтуі жөніндегі Кеңестің мүшесі, Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Қоғамдық кеңесінің төрағасы. «Құрмет» орденімен, Қазақстан Республикасы Президентінің Құрмет грамотасымен және Қазақстан Республикасының бес мерейтойлық медалімен марапатталған.