Осы жылдың мамыр айында жедел медициналық көмек қызметкерлеріне 2 млрд теңгеден астам қосымша төлемақы берілді. Бұл туралы Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығы басқарма төрағасының міндетін атқарушы Бауыржан Жүсіпов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Коронавирустық инфекцияны диагностикалау және емдеудің клиникалық хаттамасына сәйкес, пациенттерге жедел көмек көрсету алгоритмі бекітілгенін атап өту керек. Осылайша жедел көмек бригадасы шақыртуға қызмет көрсету кезінде бірінші кезекте пациенттің жалпы жай-күйі, ентігуінің бар болуы, минутына тыныс алу жиілігі, дене қызуы және қанының оттегімен қанығуы бағаланады. Және де осы көрсеткіштерге байланысты одан кейінгі әдіс анықталады», - деді ол Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифинг барысында.
Оның атап өтуінше, аурудың жеңіл ағымы анықталған жағдайда ентігу және қауіп факторлары жоқ пациент үйде қалдырылады. Ары қарай емхананың учаскелік дәрігерінің қадағалауына жіберіледі.
«Егер пациентте ауыр немесе орташа ауыр ағымы, сондай-ақ қауіп факторы бар, яғни жасы 60-тан асқан, қант диабеті, өкпенің созылмалы аурулары сияқты аурулар болған кезде одан ары емдеу үшін стационарға жеткізіледі. Жалпы, қазіргі уақытта жедел медициналық көмек бригадаларының барлық қызметкерлері коронавирустық инфекциямен ауыратын науқастарды анықтау алгоритмімен оқытылған. Барлық қажетті медициналық жабдықтармен, дәрілік заттармен және қорғану құралдарымен жабдықталған», - деді Бауыржан Жүсіпов. Сонымен қатар, ол жедел көмек стансаларының жанына арнайы call-орталықтар құрылғанын, онда медициналық көмек көрсету мәселері бойынша білікті мамандар кеңес беріп жатқанын айтты.
«Мұнан бөлек, Президенттің тапсырмасын орындау мақсатында коронавируспен күрес аясында эпидемияға қарсы шараларды жүргізуге тартылған медицина қызметкерлерін ынталандыру және қолдау үшін жедел медициналық көмек қызметкерлеріне қосымша төлемдер жүзеге асырылады. Осы жылдың мамыр айында жедел медициналық көмектің 11 823 қызметкеріне 2 млрд теңгеден астам қосымша төлемақы берілді.