Маңғыстау облыстық Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаментінің Antikor орталығында «Адалдық – ардың ісі» тақырыбында тікелей эфир өтті. Эфир спикері ҚР Құрметті журналисі, Ақтау қаласының Құрметті азаматы, облыстық «Маңғыстау», қалалық «Жаңаөзен» газеттерінің бұрынғы бас редакторы, қоғам және мәдениет қайраткері, ақын, публицист, жазушы Мейрамбай Қибасов тікелей эфирде өз ойларымен бөлісті.
Мейрамбай Бисенбайұлы сыбайлас жемқорлық туралы соңғы 10-15 жылда облыстық газетте жиі жазғанын атап өтіп, жемқорлықты «жаман індет» деп атады. «Адамдардан арлылық, адамдық, әділдік, тазалық алыстап кетті. Данышпан Абай бес нәрседен қашық болып, бес нәрсеге асық бол деп кетті. Қашық болуға тиіс бес нәрсенің бірі – тойымсыздық,» дейді М.Бисенбайұлы.
Спикер М.Қибасов «Арлылықпен өмір сүрсең, тазалықпен еңбек етіп, еңбектің зейнетін көрген дұрыс» дей келе, адамдарды ешкімнің ала жібін аттамай, адал болуға шақырды. Сондай-ақ, «Өнегелі ұл-қыздары өлкемнің» кітабында өңірімізде адал қызмет етіп жүрген 220 азаматтың портретін жасап шығарған автор, кітапқа енген адамдардың адалдық, азаматтық тұрпатына мән бергенін айтады.
Саналы ғұмырын баспасөз саласына арнаған Мейрамбай Қибасов БАҚ-тың қоғамдағы рөлі мен халықтың санасына ықпал етуде зор маңызға ие екенін атап өтті.