ҚР жетекші инфекционисі Динагүл Баешева коронавирус инфекциясының алдын алу туралы айтып, коронавирус індеті өршіген сәтте сізде тұмау мен суық тию белгілері байқалса не істеу керектігін түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Елімізде коронавирус инфекциясы тарағанына үш ай болады. Коронавирус инфекциясының клиникалық белгілері ЖРВИ секілді басталады: жөтел пайда болады, тамақ жыбырлап, ауырады, бас, бұлшықеттердің де ауырғаны сезіліп, дене қызуы көтеріледі. Бұл – алғашқы клиникалық белгілер. Бірақ кейбір адамдарда мұндай белгілер байқалмауы мүмкін, біз оларды симптомсыз тасымалдаушы деп атаймыз. Клиникалық белгілер де адамның иммундық жүйесіне байланысты. Мәселен, кейбірінде температура жоғары болса, енді бірінде төмен, бірақ жөтел мазалайды. Барлығы науқастың иммундық дәрежесіне байланысты», - деді тілшіге Динагүл Баешева.
Ол сырқаттанған адамның температурасы жоғары болмағанымен, жағдайы нашар болуы мүмкін, себебі індет өкпені зақымдайтынын атап өтті.
«Жеті күнге жалғасатын алғашқы фаза – «вирусемия фазасы» деп аталатынын түсіну керек. Содан кейін ғана аурудың күрделену фазасы басталады. Сондықтан дәрігерге дер кезінде барған дұрыс», - деп атап өтті еліміздің жетекші инфекционисі.
Д.Баешеваның айтуынша, коронавирус инфекциясын жұқтырып алмас үшін эпидемияға қарсы шараларды қатаң ұстанған маңызды.
«Қазіргі кезде індетке шалдығып жатқандар көп болғандықтан 1,5 метр арақашықтықты сақтау керек. Адам көп жиналатын орындарда – сауда үйлері, мейрамханаларға барғанда маска тағып жүру қажет. Адамдар қонаққа барып, той, түрлі іс-шаралар ұйымдастырмауы керек. Адам көшеден келгеннен кейін қолды сабынмен 20 секунд бойы мұқият жуу қажет. Егер сіз көшеде жүргенде қандай да бір заттарды қолмен ұстаған болсаңыз – қолды антисептикпен дезинфекциялаған дұрыс. Таза емес қолмен бетті, көзді, мұрынды ұстамаңыз. Инфекцияны ішке енгізіп жіберуіңіз мүмкін. Жөтелген, түшкірген кезде бір реттік майлықты қолданған дұрыс немесе шынтақтың иілген жерін пайдаланыңыз. Жөтелген немесе түшкірген адамдардың сыртқа шықпай, үйде отырғаны абзал», - деп сақтық шараларын тағы бір еске түсірді Динагүл Баешева.
Оған қоса, Динагүл ханым ЖРВИ белгілері байқалса коронавирусқа тест тапсыру керек пе деген сұраққа жауап берді.
«Тест тапсырмас бұрын неден және қалай ауырып қалғанын білу қажет. Мүмкін ол адам бірнеше күн бұрын туған күнін атап өткен болар... Ауру барысын бақылау керек: адамдармен байланыста болды ма, кімнен жұқтырып алуы мүмкін. Мысалы, сіз жақында туған күнге барған болсаңыз, сонда болған танысыңыз коронавирус жұқтырып, ауруханаға түскен болса, сіздің де инфекция жұқтырып алуыңыз әбден мүмкін», - деп толықтырды сөзін.
«Ал егер адам ешқайда шықпай, барлық ережені сақтап, мәселен, суықтап қалса – адам өзін бақылауы керек. Егер сізге жәй суық тиген болса, ол екі-үш күннің ішінде кетіп, жағдайыңыз жақсарады. Осылайша адам үрей тудырмай, анализ жасап, өзін қадағалап отырғаны дұрыс», - деп кеңес берді Динагүл Баевшева.